Мазмұнға өту

Ехоба куәгерлері медициналық ем қабылдай ма?

Ехоба куәгерлері медициналық ем қабылдай ма?

Иә. Ехоба куәгерлері дәрі-дәрмек пен медициналық емнен бас тартпайды. Біз денсаулығымызды қадағалаймыз, сондықтан арагідік дәрігерге барып тұрамыз (Лұқа 5:31). І ғасырда өмір сүрген мәсіхші Лұқаның дәрігер болғанындай, бүгінде де Ехоба куәгерлерінің арасында медицина мамандары бар (Қолостықтарға 4:14).

Алайда кейбір емшаралар Киелі кітаптағы принциптерге қайшы келіп жатады, біз ондай ем түрінен бас тартамыз. Мысалы, біз қан құйдырмаймыз, себебі Киелі жазбаларда өмірді сақтау үшін денеге қан қабылдауға тыйым салынған (Елшілердің істері 15:20). Сондай-ақ онда оккультизммен байланысы бар ем-дом түрлеріне тыйым салынады (Ғалаттықтарға 5:19—21).

Әйтсе де емшаралардың басым көпшілігі Киелі кітап принциптеріне қайшы келмейді. Сондықтан емнің қай түрін таңдайтынын әркім өзі шешеді: бір Куәгер қабылдаған дәрі-дәрмектен не ем түрінен екіншісі бас тартуы мүмкін (Ғалаттықтарға 6:5).