Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-САБАҚ

Құдайдың жерге қатысты ниеті қандай?

Құдайдың жерге қатысты ниеті қандай?

1. Алла Тағала жерді не үшін жаратты?

Ехоба Құдай жерді адамдар үшін жаратқан. Жер — біздің өмір сүретін тұрағымыз. Құдай алғашқы адам жұбы Адам ата мен Хауа ананы Едем деп аталған керемет жұмақ бағына қоныстандырған (Мұсаның 1-жазбасы 2:15—17). Демек, Құдай оларды көкте емес, жерде өмір сүру үшін жаратқан. Ал көкті олардан бұрын жаратылған періштелердің мекені еткен (Әйүп 38:4, 7). Ехоба Адам атаға және оның бүкіл үрім-бұтағына жерде мәңгі өмір сүру мүмкіндігін берді. (Зәбүр 37:29; 115:16 оқыңыз).

Басында жұмақ Едем бағында ғана болатын. Құдай алғашқы адам жұбына бүкіл жер бетін өңдеп, жұмаққа айналдыруды және оны ұрпақтарымен толтыруды тапсырды (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Жер ешқашан жойылмайды. Ол әрқашан адамдардың мекені болып қала бермек. (Зәбүр 104:5 оқыңыз).

Алла Тағала жерді не үшін жаратты?” деген бейнероликті көріңіз.

2. Неге қазір жер беті жұмақ емес?

Адам мен Хауа Құдайға мойынсұнбады, сондықтан Құдай оларды жұмақ бағынан қуып шықты. Осылайша жұмақ жоғалтылды және осы уақытқа дейін оны ешкім қалпына келтіре алмады. Өйткені, Киелі кітапта айтылғандай, “Ол Жерді зұлымның қолына берген” (Әйүп 9:24). (Мұсаның 1-жазбасы 3:23, 24 оқыңыз).

Ехоба Құдай өзінің адамзатқа қатысты ниетін жүзеге асыра алмай қалды ма? Жоқ. Ол құдіреті шексіз Құдай болғандықтан, айтқанын сөзсіз орындайды (Ишая 45:18). Ол адамзатқа қатысты о бастағы ниетін міндетті түрде жүзеге асырады. (Зәбүр 37:11, 34 оқыңыз).

3. Қалай жер беті қайтадан жұмаққа айналады?

Құдайдың тағайындаған патшасы Иса Мәсіхтің билігі кезінде жер беті қайтадан жұмаққа айналады. Армагеддон деп аталатын шайқаста Иса періштелермен бірге Құдайға қарсы шыққандардың барлығын жояды. Сосын ол Шайтанды 1000 жылға бұғаулап тастайды. Ал Құдайға қызмет ететін адамдарға басшылығын беріп, оларды аман алып қалады. Бұл адамдар жұмақ орнаған жерде мәңгі бақи өмір сүретін болады. (Аян 20:1—3; 21:3, 4 оқыңыз).

4. Қайғы-қасірет болмайтын кез қашан келеді?

Құдай жер бетіндегі зұлымдықты қашан жояды? Иса Мәсіх бұл уақыттың таяп қалғанын қандай “белгіге” қарап білуге болатынын айтып кетті. Бүгінде дүниеде орын алып жатқан жағдайлар адамзаттың болашағына қауіп төндіріп тұр. Бұл біздің ақыр заманда өмір сүріп жатқанымызды көрсетеді. (Матай 24:3, 7—14, 21, 22 оқыңыз).

Иса 1000 жыл бойы жер бетіне көктен билік жүргізгенде, барлық қайғы-қасіретті жояды (Ишая 9:6, 7; 11:9). Сондай-ақ ол Құдайды жақсы көретіндерді күнәларынан арылтады. Осылайша Құдай Иса арқылы ауру, кәрілік пен өлімді түп-тамырымен жояды. (Ишая 25:8; 33:24 оқыңыз).

5. Жұмақ орнаған жерде кімдер өмір сүреді?

Патшалық сарайында Құдайды жақсы көретін әрі оған ұнамды болғысы келетін адамдарды кездестіресіз

Жұмақта Құдайға мойынсұнатын адамдар өмір сүреді (Жоханның 1-хаты 2:17). Жерде болған кезінде Иса ізбасарларына момын адамдарды іздеп, оларға Құдайға ұнамды болу үшін не істеу керектігін үйретуді тапсырған. Бүгінде Ехоба Құдай сан миллиондаған адамды жұмақ орнайтын жерде өмір сүруге дайындауда (Софония 2:3). Ехоба куәгерлерінің кездесулері өтетін Патшалық сарайында адамдар жақсы күйеу мен әйел, жақсы әке мен ана болуды үйренуде. Ал балалар ата-аналарымен бірге Құдайға ғибадат етіп, Киелі кітаптағы білімнің пайдасын көру үшін тәлім алуда. (Миха 4:1—4 оқыңыз).