Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-КЕҢЕС

Жауапкершілікке тәрбиелеу

Жауапкершілікке тәрбиелеу

ЖАУАПТЫ АДАМ ҚАНДАЙ АДАМ?

Жауапкершілік сезінетін адамға әдетте жұрт сенім артады. Олар тапсырмаларын тиянақты әрі уақытылы орындайды.

Кішкентай бүлдіршіндер де жасына қарамай жауапкершілікке үйрене алады. Бір кітапта былай делінген: “Бала 1 жас 3 айдан бастап ата-анасының айтқанын істей бастайды. Ал 1 жас 6 айға толғанда, ата-анасының істегенін қайталағысы келеді. Көп елдерде ата-аналар әсіресе 5 пен 7 жас аралығында балаларын еңбекке баули бастайды. Сол жастағы балалар үй тірлігінде айтарлықтай қолғабыс ете алады” (“Parenting Without Borders”).

ЖАУАПТЫ БОЛУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Жастар ата-анасынан бөлек кеткенде, өмірдің ауырлығын көтере алмай, қайтадан ата-анасына оралып жатады. Кей кездері кінә ата-анадан болады. Бәлкім, олар бала кезінде ақшаны дұрыс жұмсауды үйретпеген, үй тірлігіне араластырмаған, күнделікті өмірде жауапты адам болуға баулымаған.

Балаңыз ертеңгі күні не істерін білмей есеңгіреп қалмас үшін, бүгіннен бастап оны жауапты болуға үйреткен жөн. Бір кітапта: “Балаңызды он сегіз жасқа дейін өзіңізге тәуелді еткізіп қойып, ал сосын шынайы өмірдің теңізіне лақтырып жібергеніңіз дұрыс бола ма?”— делінген (“How to Raise an Adult”).

ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ БАУЛУ

Үйдегі міндеттерді тапсырыңыз

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Әр бейнеттің зейнеті бар, Құр сөз жоқшылыққа ұшыратар” (Нақыл сөздер 14:23).

Кішкентай балалар ата-анасы не істесе де, соны бірге істегісі келіп тұрады. Балалардың осындай туабітті ықыласын ұтымды пайдаланып, үйдегі бір жұмысты тапсырып қойыңыз.

Алайда кейбір ата-аналардың бұлай еткісі жоқ. Мектеп жасындағы балалар онсыз да үй тапсырмаларынан бас көтере алмай жүргенде, жүктеріне жүк қосып қайтеміз деп ойлайды.

Бірақ, бір қызығы, үй тірліктеріне араласатын баланың мектептегі үлгерімі жақсы болатыны байқалған. Өйткені үйдегі міндеттер кез келген жұмысты аяқсыз қалдырмауға үйретеді. Бұған қоса, ата-аналар туралы бір кітапқа сай, “баланың көмектесуге деген ықыласын елемесек, ол өзгелерге қол ұшын беру маңызсыз деген тұжырымға келеді... Бұл аздай, олар үшін бәрін өзгелер істейді деп күтетін болады” (“Parenting Without Borders”).

Осы сөздерден бір байқағанымыз — үйдегі міндеттерді атқару баланы алаған емес, береген болуға баулиды. Сондай-ақ үйдегі міндеттер балаға отбасы өмірінде өзінің ойып алар орны бар екенін әрі бұл істер оның жауапкершілігінде екенін түсінуге көмектеседі.

Қолымен істегенін мойнымен көтеруге үйретіңіз

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Кеңесті тыңда, түзетуді қабылда, Сонда дана боларсың алдағы уақытта” (Нақыл сөздер 19:20).

Балаңыз абайсызда бірдеңе бүлдіріп қойса, мысалы біреудің затын сындырып қойса, балаңыздың қателігін жуып-шаймаңыз. Ол өз қателігінің салдарын көру керек. Біреудің затын сындырған жағдайда, бала иесінен кешірім сұрасын, тіпті шығынын өтесін я орнын толтырсын.

Бала өз қателігіне жауапты екенін түсінсе...

  • шыншыл болады, әрі қателігін мойындай біледі;

  • өзгелерді кінәламайды;

  • өзін ақтамайды;

  • қажет кезде кешірім сұрайды.