Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Ишая 60:1-дегі “әйел” кім және қалай ол “орнынан тұрып, жарқырады”?

Ишая 60:1-де: “Уа, әйел, орныңнан тұрып, жарқыра! Себебі нұрға бөленетін кезің келді. Ехобаның салтанаты саған нұрын шашты”,— делінген. Мәнмәтіннен “әйел” Сионды, яғни сол кездегі Яһуданың астанасы болған Иерусалимді бейнелейтінін көреміз a (Ишая 60:14; 62:1, 2). Иерусалим бүкіл Исраил халқын білдіреді. Ишаяның осы сөздеріне қатысты екі сұрақ туындайды. Біріншісі, Иерусалим қашан және қалай “орнынан тұрып”, рухани жарқырады? Екіншісі, Ишаяның сөздері кең көлемде орындалып жатыр ма?

Иерусалим қашан және қалай “орнынан тұрып”, рухани жарқырады? Яһудилер 70 жыл бойы Бабылда тұтқында болған уақытта Иерусалим мен ондағы ғибадатхана қирап жатты. Бірақ Бабылды мидиялықтар мен парсылар жаулап алғаннан кейін бүкіл Бабыл империясындағы исраилдіктер тұтқыннан босады (Езра 1:1—4). Осылай б. з. б. 537 жылдан бастап барлық 12 рудың адал ұрпақтары елдеріне оралып, таза ғибадатты қалпына келтіре бастады (Ишая 60:4). Олар Ехобаға құрбандықтар шалып, мейрамдарды тойлай бастады және ғибадатхананы қайта тұрғызды (Езра 3:1—4, 7—11; 6:16—22). Осылай қайтадан Ехобаның салтанаты Иерусалимге, яғни Құдайдың қайта қалпына келген халқына нұрын шаша бастады. Ал Құдай халқы рухани түнекте жүрген өзге халықтар үшін жарықтың көзі болды.

Алайда ежелгі Иерусалимде Ишаяның пайғамбарлығы жартылай ғана орындалды. Осы оқиғадан кейінгі жағдайға қарасақ, исраилдіктердің көбісі Ехобаға мойынсұнбады (Нех. 13:27; Малх. 1:6—8; 2:13, 14; Мат. 15:7—9). Кейінірек олар тіпті Иса Мәсіхтен бас тартты (Мат. 27:1, 2). Сөйтіп, б. з. 70 жылы Иерусалим мен ондағы ғибадатхана екінші рет жойылды.

Осылай болатынын Ехоба алдын ала айтқан еді (Дан. 9:24—27). Демек, Ехобаның ниеті бойынша, Ишая 60-тараудағы қайта қалпына келуге қатысты пайғамбарлық тек жердегі Иерусалимге қатысты айтылмаған.

Ишаяның сөздері кең көлемде орындалып жатыр ма? Иә, бірақ бұл басқа бір бейнелі әйелге — “жоғарыдағы Иерусалимге” қатысты орындалуда. Елші Пауыл сол бейнелі әйел жайлы “біздің анамыз — сол” деген (Ғал. 4:26). Жоғарыдағы Иерусалим, адал рухани жаратылыстардан тұратын Құдай ұйымының көктегі бөлігін білдіреді. Оның балаларына Иса мен рухпен майланған 144 000 мәсіхші кіреді, олардың ішінде көкке үміттенген Пауыл да бар. Майланған мәсіхшілер “қасиетті халықты” — “Құдайдың Исраилін” құрайды (Пет. 1-х. 2:9; Ғал. 6:16).

Жоғарыдағы Иерусалим қалай “орнынан тұрып, жарқырады”? Жердегі майланған балалары арқылы. Қазір майланғандардың жағдайын Ишаяның 60-тарауында жазылған пайғамбарлықпен салыстырып көрейік.

Майланған мәсіхшілер де “орындарынан тұрулары” керек еді. Өйткені олар екінші ғасырда жолдантаюшылық белең ала бастағанда рухани түнектің құрсауына түсті (Мат. 13:37—43). Олар дүниежүзілік жалған діндер империясы Ұлы Бабылдың тұтқындығында болды. Майланғандар бұл тұтқындықта 1914 жылы басталған “осы заманның ақырына” дейін болып келді (Мат. 13:39, 40). Көп ұзамай, 1919 жылы олар тұтқындықтан босап, бірден уағыз ісіне кірісіп, рухани жарқырай бастады b. Жылдар бойы бұл жарыққа барлық халықтан шыққан адамдар келуде, олардың ішінде Құдайдың Исраилінің тамтығы, яғни Ишая 60:3-те айтылған “патшалар” да бар (Аян 5:9, 10).

Болашақта майланған мәсіхшілер бұдан да қатты жарқырайтын болады. Қалайша? Олар жердегі өмірлерін аяқтаған соң, “Жаңа Иерусалимнің”, яғни 144 000 патшалар мен діни қызметкерлерден тұратын Мәсіхтің қалыңдығының бір бөлігі болады (Аян 14:1; 21:1, 2, 24; 22:3—5).

Жаңа Иерусалим Ишая 60:1-де жазылған пайғамбарлықтың орындалуында маңызды рөл атқаратын болады (Ишая 60:1, 3, 5, 11, 19, 20 мен Аян 21:2, 9—11, 22—26 салыстырыңыз). Ежелгі Исраилдің үкімет орталығы жердегі Иерусалим қаласы болғанындай, Жаңа Иерусалим Мәсіхпен бірге жаңа дүниеде билік ететін үкіметті құрайтын болады. Жаңа Иерусалим “көктен, яғни Құдайдан түсіп келеді” деген сөздерді қалай түсінсек болады? Бұл дегеніміз Жаңа Иерусалим бар назарын жердегі адамдарға аударып, оларға нұрын шашатынын білдіреді. Барлық халықтардан шыққан Құдайдан қорқатын адамдар “оның жарығында жүретін” болады. Олар тіпті күнә мен өлімнің құрсауынан құтылады (Аян 21:3, 4, 24). Осылай Ишая мен өзге пайғамбарлар айтып кеткендей, “барлық нәрселер қалпына келеді” (Ел. іс. 3:21). Барлық нәрселер қалпына келетін уақыт Иса Мәсіх Патша болған кезде басталып, оның мыңжылдық билігінің соңында аяқталады.

a “Жаңа дүние аудармасында” Ишая 60:1-де “Сион”, “Иерусалим” деген сөздердің орнына “әйел” деген сөз қолданылған, өйткені еврейдің “орныңнан тұр”, “жарқыра” деген етістіктері әйел адамдарға сөйлегенде қолданылатын етістік. Сондықтан оқырманға бұл жердегі сөздер бейнелі әйелге айтылғаны түсінікті болу үшін “әйел” деген сөз қолданылған.

b 1919 жылы орын алған рухани қалпына келу жайлы Езекиел 37:1—14 тармақтарда және Аян 11:7—12 тармақтарда да жазылған. Езекиел ұзақ уақыт тұтқындықтан кейін барлық майланған мәсіхшілердің рухани қалпына келетінін пайғамбарлық еткен. Ал Аяндағы пайғамбарлық жетекшілікті қолға алған майланған мәсіхшілерден тұратын кішігірім топтың әділетсіз түрмеге қамалып, қысқа уақыт әрекетсіз күйде болғаннан кейін рухани қайта туылатынына нұсқайды. 1919 жылы бұл шағын топ “адал да ақылды құл” болып тағайындалды (Мат. 24:45; “Ехоба таза ғибадатты қалпына келтірді!” кітабының 118-бетін қараңыз).