Мазмұнға өту

Ғылым Киелі кітаппен үйлесе ме?

Ғылым Киелі кітаппен үйлесе ме?

Киелі кітаптың жауабы

 Киелі кітап ғылыми кітап болмаса да, ондағы мәліметтер ғылыммен үйлеседі. Киелі кітап жазылған заманда адамдар басқа нәрселерге сенетін. Бірақ уақыт өте, Киелі кітапта жазылған мәлімет расында да ғылыммен үйлесетіні айқын болды. Қазір солардың кейбірін қарастырайық.

  •   Ғалам өз-өздігінен пайда болған жоқ, ол жаратылған (Мұсаның 1-жазбасы 1:1). Бірақ ежелгі көп аңыздарға сай, ғалам хаостың, яғни ретсіздіктің нәтижесінде пайда болды деседі. Ал Бабылдықтар ғаламды екі мұхиттан шыққан құдайлар туды деп есептеген. Тағы бір аңызға сай, ғалам үлкен бір жұмыртқадан пайда болды.

  •   Ғаламды мифтік құдайлар емес, нақты табиғат заңы басқарады (Әйүп 38:33; Еремия 33:25). Ал көп елдердің наным-түсінігіне сай, адамдар мифтік құдайлардың жауыз, оқыс әрекеттерінің алдында дәрменсіз деседі.

  •   Жердің тіреуіші жоқ (Әйүп 26:7). Байырғы заманда адамдар жерді жалпақ және оны алып бұқа не тасбақа ұстап тұр деп ойлаған.

  •   Көлдер мен өзендердегі бу жаңбыр, бұршақ, қар күйінде қайтадан жерге түседі. Соның арқасында өзендер мен бұлақтар қайтадан суға толады (Әйүп 36:27, 28; Уағыздаушы 1:7; Ишая 55:10; Амос 9:6). Ал ежелгі гректер өзендер жер астындағы бір мұхиттың суымен толып отырады деп есептеген. Бұл пікірге адамдар 18 ғасырға дейін сеніп келді.

  •   Таулар биіктеп, аласарады. Бүгінде біз көріп жүрген таулар кезінде мұхит астында болған (Зәбүр 104:6, 8). Ал бірнеше аңыздарға сай, тауларды тау күйінде құдайлар жаратқан екен.

  •   Санитарлық шаралар денсаулықты қорғаған. Құдай исраил халқына Мұса пайғамбар арқылы заң берген. Сол Заң бойынша, адам өлген мәйітке тиіп кетсе жуыну керек еді, жұқпалы ауруы бар адам карантинге жабылу керек еді және нәжісті жерге дұрыс көму керек еді (Мұсаның 3-жазбасы 11:28; 13:1—5; Мұсаның 5-жазбасы 23:13). Ал дәл сол уақытта мысырлықтар ашық жараны құрамында адамның нәжісі бар дәрімен емдейтін.

Киелі кітапта ғылыми қателіктер бар ма?

 Киелі кітапты зерттей келе мұның жауабы жоқ екенін түсінеміз. Қазір Киелі кітап туралы кең тараған қате пікірлерді қарастырамыз:

 Аңыз: Киелі кітапта ғалам 24 сағаттан тұратын 6 күннің ішінде жаратылған.

 Ақиқат: Киелі кітапқа сай, ғаламның қанша уақытта жаратылғаны белгісіз (Мұсаның 1-жазбасы 1:1). Мұсаның 1-жазбасының 1-тарауында жаратылыс күндері баяндалған. Негізі, сол жарату күндері дәуірлерге созылған, бірақ нақты қанша уақыт болғаны белгісіз. Киелі кітап тіпті аспан мен бүкіл жердің жаратылған уақыт аралығын да “күн” деп атаған (Мұсаның 1-жазбасы 2:4).

 Аңыз: Киелі кітапта Құдай алдымен жеміс-жидектер, көкөністерді жаратты кейін фотосинтез болу үшін күнді жаратты делінген (Мұсаның 1-жазбасы 1:11, 16).

 Ақиқат: Киелі кітапта айтылғандай, аспан денелерін құрайтын Күн деген жұлдыз жемістер мен көкөністерден бұрын жаратылған (Мұсаның 1-жазбасы 1:1). Күннен шашырап түскен жарық жер бетіне жаратылыстың бірінші күні, яки дәуірінде жетті. Атмосфера тазарып, күн сәулесі үшінші жаратылыс “күніне” қарай жеткілікті мөлшерде жер бетіне жеткендіктен, фотосинтез процесі жүре бастады (Мұсаның 1-жазбасы 1:3—5, 12, 13). Содан кейін барып қана күн жер бетінен анық көріне бастады (Мұсаның 1-жазбасы 1:16).

 Аңыз: Киелі кітаптың айтуынша, Күн жерді айналады.

 Ақиқат: Уағыздаушы 1:5-те былай делінген: “Күн шығады, күн батады, сосын ұясынан қайта шығуға асығады”. Бұл сөздер жерден қарап тұрған адамға күннің жылжып бара жатқанындай көрінгенін суреттейді. Бірақ шын мәнінде біз Күн Жерді емес, Жер Күнді айналатынын білеміз. Сонда да біз күн “шықты”, күн “батты” деп айта береміз.

 Аңыз: Киелі кітапта жер жалпақ деп айтылған.

 Ақиқат: Киелі кітапта алыстықты білдіретін “жердің қиыр шеті” деген сөздер бар. Бірақ бұл жердің жалпақ не шынымен де шеті бар дегенді білдірмейді (Елшілердің істері 1:8). Сол сияқты Киелі кітаптағы “жердің төрт бұрышы” деген тіркес те тура мағынада емес, бейнелі мағынада қолданылады. Ол бүкіл дүниені білдіреді (Ишая 11:12).