Мазмұнға өту

Жер жойылып кете ме?

Жер жойылып кете ме?

Киелі кітаптың жауабы

 Жоқ, Жер планетасы ешқашан жойылмайды, өртеніп кетпейді және жаңадан жаратылмайды. Киелі кітап Құдай жерді адамдар мәңгі бақи мекендеу үшін жаратты деп үйретеді.

  •   “Әділдер жерді мұра етеді, Онда мәңгі бақи өмір сүреді” (Зәбүр 37:29).

  •   “[Құдай] жерді берік негізге орнатты, Ол өз орнынан ешқашан жылжымайды” (Зәбүр 104:5).

  •   “Жер мәңгілік тұрады” (Уағыздаушы 1:4).

  •   “Құдай жерді қалыптастырып, берік орнатқан, Оны бекерден-бекер емес, мекендеу үшін жаратқан” (Ишая 45:18).

Адамзат жер бетін құртып бітеді ме?

 Жер қатты ластанудың, соғыстың немесе басқа нәрселердің кесірінен жойылып кетпейді. Өйткені Құдай бұған жол бермейді. Қайта ол “жерді бүлдіргендерді құртады” (Аян 11:18). Ол мұны қалай жүзеге асырады?

 Құдай жер бетін қорғай алмаған адамзат үкіметтерін жойып, оның орнына көктегі керемет Патшалығын орнатады (Даниял 2:44; Матай 6:9, 10). Бұл Патшалықтың билеушісі Құдайдың рухани Ұлы, Иса Мәсіх, болады (Ишая 9:6, 7). Жерде болған кезінде, Иса табиғи құбылыстарды бағындыра алатын керемет күші бар екенін көрсетті (Марқа 4:35-41). Құдай Патшалығының Патшасы ретінде Иса жерді және ондағы барлық нәрселерді қамқорлығына алады. Ол жер бетіндегі жағдайды қалпына келтіріп, жаңартады. Осылайша жер беті кезіндегі Едем бағындай болады (Матай 19:28; Лұқа 23:43).

Киелі кітапта жердің отпен жойылып кететіні айтылған ба?

 Жоқ. Мұндай бұрыс пікір Петірдің 2-хаты 3:7-дегі сөздерді дұрыс түсінбеуден туындайды. Ол жерде былай делінген: “Ал қазіргі аспан мен жер... отпен жойылу үшін... сақталып отыр.” Осы сөздердің мағынасын түсінуге көмектесетін екі маңызды жайтқа назар аударайық:

  1.   Киелі кітапта “аспан”, “жер” және “от” сөздері бірнеше мағынада қолданылады. Мысалы, Зәбүр 66:4-те: “Күллі жер саған тағзым етеді”,— делінген. Бұл жердегі “жер” деген сөз адамзатты білдіреді.

  2.   Петірдің 2-хаты 3:7-де айтылған “аспан”, “жер” және “от” деген сөздердің нені білдіретінін қасындағы тармақтардың көмегімен түсінуге болады. 5-ші және 6-шы тармақтарда Нұхтың кезіндегі Топан су туралы айтылады. Сол кезде ежелгі дүние жойылғанмен, біздің планетамыз жойылмады. Топан су зұлым адамдардың қоғамын жоқ қылды (Мұсаның 1-жазбасы 6:11). Сол кезде бейнелі мағынадағы “аспан”, яғни сол қоғамның үстінен билік еткен адамдар да қаза болды. Демек, біздің планетамыз емес, зұлым адамдар жойылды. Нұх пен оның отбасы болса, Топан судан аман қалып, өсіп-өніп, жер бетін жайлады (Мұсаның 1-жазбасы 8:15—18).

 Топан су кезіндегідей, Петірдің 2-хаты 3:7-де айтылған “от” та біздің жер планетамызды емес, зұлым адамзат қоғамын жоятын болады. Құдай “әділдік орнайтын жаңа аспан мен жаңа жерді” уәде етеді (Петірдің 2-хаты 3:13). “Жаңа аспан”, яғни жаңа билік, ол — Құдай Патшалығы. Ол “жаңа жерге” немесе жаңа адамзат қоғамына билік ететін болады. Сол Патшалықтың тұсында жер беті бейбітшілік орнаған жұмаққа айналады (Аян 21:1—4).