Мазмұнға өту

Армагеддон соғысы деген не?

Армагеддон соғысы деген не?

Киелі кітаптың жауабы

 Армагеддон соғысы адамдардың үкіметтері мен Құдайдың арасындағы ақтық соғысты білдіреді. Бұл үкіметтер мен олардың жақтастары қазірдің өзінде Құдайдың билігінен бас тартып жатыр (Зәбүр 2:2). Сондықтан Армагеддон соғысында Құдай адамдар басқарып отырған үкіметтердің бәрін жоқ қылады (Даниял 2:44).

 “Армагеддон” сөзі Киелі кітапта бір-ақ рет, Аян 16:16-да кездеседі. Сол Аян кітабында “жержүзінің патшалары Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы күні болатын соғысқа жиналатыны” алдын ала айтылған. Олар жиналатын жер еврейше “Армагеддон” деп аталады (Аян 16:14).

 Армагеддонда кімдер соғысады? Иса Мәсіх Құдайдың жауларын жеңу үшін көктегі әскерін ертіп келеді (Аян 19:11—16, 19—21). Бұл жаулардың арасында Құдайдың билігіне қарсы шығатындар мен Құдайды жек көретіндер бар (Езекиел 39:7).

 Армагеддон соғысы Таяу Шығыста бола ма? Жоқ. Бұл соғыс бір аймақта емес, бүкіл жержүзінде болады (Еремия 25:32—34; Езекиел 39:17—20).

 Армагеддон кейде “Һар-Магедон” (еврейше “Хар Мегиддон”) деп те айтылады. Бұл “Мегиддо тауы” дегенді білдіреді. Мегиддо кезінде ежелгі Исраилдегі бір қала болған. Тарихтан көрінетіндей, сол маңда шешуші соғыстар болған, солардың кейбірі Киелі кітапта жазылып кеткен (Билер 5:19, 20; Патшалар 2-жазба 9:27; 23:29). Алайда “Армагеддон” ежелгі Мегиддоның маңындағы нақты бір жерді білдірмейді. Өйткені ол жерде ондай биік тау жоқ. Ал сол жердегі бүкіл Езрехел аңғарына болса Құдайға қарсы шығатындардың бәрі сыймайды. Демек, Армагеддон бүкіл дүниежүзіндегі елдер Құдайдың билігіне қарсы шығу үшін жиналғанда болатын әлемдегі жағдайды білдіреді.

 Армагеддон соғысы қалай өтеді? Біз Ехоба өз күшін нақты қалай қолданатынын білмейміз. Бірақ оның құзырында бұрын қолданған мынандай құралдар болады: бұршақ, жер сілкінісі, қатты нөсер, от пен күкірт, найзағай және індет (Әйүп 38:22, 23; Езекиел 38:19, 22; Абақұқ 3:10, 11; Зәкәрия 14:12). Құдай жауларының бәрі болмаса да, кейбірі, абдырағаннан бір-бірін өлтіре бастайды. Бірақ олар ақыр соңында өздеріне қарсы шығып жатқан Құдайдың өзі екенін түсінеді (Езекиел 38:21, 23; Зәкәрия 14:13).

 Армагеддонда дүниенің соңы келіп, жер жойыла ма? Жоқ. Армагеддонда Жер шары жойылмайды, өйткені ол — адамзаттың мәңгілік мекені (Зәбүр 37:29; 96:10; Уағыздаушы 1:4). Армагеддонда адамзат та жойылмайды, өйткені Киелі кітапта Құдай қызметшілерінің “ұлы жамағаты” аман қалады деп айтылған (Аян 7:9, 14; Зәбүр 37:34).

 Киелі кітапта “дүние” деген сөз әрдайым жерге қатысты айтылмайды. Кейде ол Құдайға қарсы шығатын зұлым қоғамды білдіреді (Жоханның 1-хаты 2:15—17). Сондықтан Армагеддонда сол зұлым қоғам жойылады (Матай 24:3).

 Армагеддон қашан болады? Армагеддонға ұласатын “зор алапат” жайлы айтқан кезде, Иса былай деген: “Сол күн мен сағатты ешкім — көктегі періштелер де, Ұл да — білмейді, тек Әкем ғана біледі” (Матай 24:21, 36). Десе де Киелі кітапта Армагеддон соғысы Иса көзге көрінбей “осында болатын кезде” орын алатыны айтылған. Ал Исаның “осында болуы” 1914 жылы басталды (Матай 24:37—39).