Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Шындықтың шыңына жету мүмкін бе?

Шындықтың шыңына жету мүмкін бе?

 Шындық шырмалған мына заманда ақиқат пен жалғанның аражігін ажырату күннен-күнге қиын боп барады. Адамдар шындық пен фактілерден гөрі өздерінің сезімдері мен көзқарастарын жоғары қойып жатыр a. Мысалы, соңғы кездері осы жағдайды дәл сипаттайтын “пост-шындық” деген ұғымды жиі естіп жүрміз. Бұл сөз шындықты табу мүмкін емес деген көпшіліктің көзқарасын айқын етеді.

 Негізінде, бұл ұғым — жаңа ұғым емес. Шамамен 2 000 жыл бұрын Рим әміршісі Понти Пилат Иса пайғамбарды сынап-мінеп, одан: “Шындық деген не?”— деп сұраған еді (Жохан 18:38). Шындығында, Пилатты бұл сұрақтың жауабы қызықтырмаса да, оның қойған сұрағы өмірлік мәні бар сұрақ еді. Киелі кітап бұл сұраққа көңіл тоятындай жауап береді әрі ненің шындық, ненің жалған екенін ажыратуға көмектеседі.

Шындық бар ма өзі?

 Иә, бар. Киелі кітапта “шындық” деген сөз нақты фактілерге әрі моральдық тұрғыдан дұрыс болып табылатын нәрселерге қатысты қолданылады. Киелі кітап абсолютті шындықтың қайнар көзі — Ехоба b Құдай деп үйретеді. Онда Ехоба “Шындықтың Құдайы” деп аталған (Зәбүр 31:5). Киелі кітапта Құдай ашқан шындықтар жазылған және онда шындық жарықпен салыстырылған. Шындық қара түнек басқан мына заманда жарық секілді бізді жетелеп жүреді (Зәбүр 43:3; Жохан 17:17).

Шындықты қалай табуға болады?

 Құдай біздің соқыр сенімнің жетегінде кеткенімізді қаламайды. Қайта, Киелі кітаптың шындығына көз жеткізуге шақырады. Бұл үшін сезімдерімізге сүйенбей, ақыл-ойымызды іске қосуымыз керек (Римдіктерге 12:1). Сондай-ақ Ехоба біздің оны “барлық ақыл-ойымызбен сүйіп“, оған жақындағанымызды қалайды (Матай 22:37, 38; Елшілердің істері 17:11).

Өтірік қайдан шықты?

 Өтіріктің бастауы — Құдайдың жауы Шайтан Ібіліс. Киелі кітапта ол “өтіріктің әкесі” деп аталған (Жохан 8:44). Ол алғашқы адам жұбына Құдай туралы жалған сөйледі (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—6, 13, 17—19; 5:5). Содан бері Шайтан жоқты бар қылып, Құдай жайлы шындықты жасырып келеді (Аян 12:9).

Неге бүгін өтірік арамшөпше қаулап кеткен?

 Киелі кітапта “соңғы күндер” деп аталған біздің заманымызда Шайтанның әсері күннен-күнге күшеюде. Сондықтан адамдар алдап-арбау үшін, пайда көру үшін беттері бүлк етпей өтірік айта береді (Тімөтеге 2-хат 3:1, 13). Көп діндер де өтірік айтады. Киелі кітапта біздің заманымыздағы адамдар жайлы “құлақтарына жағатынды айтатын ұстаздарды айналасына жинайды” және ”шындыққа құлақ салмайды” деп алдын ала айтылып кеткен (Тімөтеге 2-хат 4:3, 4).

Шындық не үшін қажет?

 Шындық болмаса, адамдарға бір-біріне сенім арту қиын болады. Өзара сенім болмаса, достық та болмайды, қоғам да құлдырайды. Киелі кітаптың айтуынша, біздің ғибадатымыз шындыққа негізделу керек. Құдайдың да қалайтыны осы. Киелі кітапта: “[Құдайға] ғибадат ететіндер киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат етуі тиіс”,— деп жазылған (Жохан 4:24). Киелі кітаптағы шындықтар сізге жалған діни ілімдерді анықтауға және олардың құрығынан шығуға көмектеседі. Бұл жайлы “Құдайдан алыстататын жалған ұғымдар” деген мақалалар топтамасынан оқи аласыз.

Құдай неге менің шындықты білгенімді қалайды?

 Құдай сіздің құтқарылғаныңызды қалайды. Бұл үшін ол туралы шындықты білуіңіз шарт (Тімөтеге 1-хат 2:4). Егер Құдайдың дұрыс пен бұрысқа қатысты нормаларын біліп, оларды ұстанатын болсаңыз, оның досы бола аласыз (Зәбүр 15:1, 2). Адамдар шындықты білу үшін Құдай Иса пайғамбарды жерге жіберді. Сондықтан да біз Иса пайғамбардың өсиеттеріне құлақ асуымыз керек (Матай 17:5; Жохан 18:37).

Құдай өтіріктің түбіне балта шаба ма?

 Құдай адамдардың өтірік айтып, бір-бірін пайдаланғандарын жек көреді. Ол өтірік айтуын қоймайтын адамдардың көзін құртамын деп уәде етеді (Зәбүр 5:6). Сонда “шыншылдың сөзі мәңгілік” деген сөздер жүзеге асады (Нақыл сөздер 12:19).

a 2016 жылы Оксфорд сөздігінде “пост-шындық” жыл сөзі деп жариялаған.

b Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деген мақаланы қараңыз.