Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Патшалық сарайларын күтіп-баптау

Патшалық сарайларын күтіп-баптау

1 СӘУІР, 2024

 “Өзім баратын Патшалық сарайын сондай жақсы көремін. Ол жерде мен рухани туыстарыммен бас қосамын”,— дейді Колумбияда тұратын 17 жасар Николь. Сізде де осындай сезім бар ма?

 Әлем бойынша Ехоба куәгерлері 63 000-ға жуық Патшалық сарайында бас қосады. Осындай ғимараттардың арқасында біз ыңғайлы жерде Ехобаға ғибадат етеміз. Колумбияда тұратын Дейвид есімді тұрақты ізашар былай дейді: “Біздің Патшалық сарайлары ілімдерімізді көркейте түседі. Көп адам осында келгенде, ғимараттарымыздың таза да ұқыпты күйін көріп таңғалады”. Әрине, бұның себебі де бар. Біз Патшалық сарайларымызды таза ұстау үшін көп тер төгеміз. Сонда қандай жұмыстар атқарылады?

Жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру

 Әр қауым өзі баратын Патшалық сарайын күтіп ұстауға жауапты. Сондықтан бауырластар Патшалық сарайын үнемі тазалап тұрады. Сондай-ақ ғимараттың техникалық жағдайын тексеріп тұрады, қажет болса майда-шүйде жөндеу жұмыстарын жасайды.

 Қауымдарға Патшалық сарайларын күтіп ұстауға көмектесу үшін, Жергілікті жобалау және құрылыс бөлімі техникалық үйретушіні тағайындады, әдетте ол ер бауырластар. Әр үйретуші 6—10 Патшалық сарайына жауапты. Ол Патшалық сарайына барып, жариялаушыларға ғимаратты дұрыс күтіп ұстауды үйретеді. Үш жыл сайын әр ғимаратты тексеріп, қауіпсіздік пен техникалық ақаулардың бар-жоғын анықтайды. Жариялаушылар техникалық үйретушілерге дән риза. Үндістанда тұратын Индумати деген әйел бауырлас былай дейді: “Бізді жақсылап оқытты. Патшалық сарайымызды қалай күтіп ұстау керектігін біліп алдық”.

Техникалық үйретушілер Патшалық сарайларын жақсы күтіп ұстауға көмек береді

 Еванс деген кениялық ер бауырлас былай деді: “Түймедей қиындық түйедей қиындыққа айналмай тұрып, қалай оның алдын алуға болатынын үйретті. Осылайша көп қаражатты үнемдеуге болады екен”.

Шығындарды жабу

 Патшалық сарайын пайдаланып оны күтіп ұстау үшін жылына жүздеген доллардан мыңдаған долларға a дейін қаражат қажет. Нақты сомасы ғимараттың орналасқан жеріне, жасына және ғимаратты қолданатын қауымдар санына байланысты. Бұл шығындар қалай жабылады?

 Бәрі садақамен жабылады. Қазақстанда тұратын Александар мұны былай түсіндіріп берді: “Садақаның бір бөлігі интернетті төлеуге, су, жарық сияқты коммуналдық қызметке кетеді. Тағы бір бөлігі қағаз сүлгілері, қолғаптар, тазалау құралдары және бояуға жұмсалады”. Басқа қосымша садақалар көлемді әрі қымбаттау жобаларға қолдау көрсету үшін дүниежүзілік іске жіберіледі.

Көлемді жобалар

 Қандай да бір Патшалық сарайы жөндеуді қажет етіп, соған керекті қаражат әдетте екі я үш айға бөлінетін қаражаттан асып жатса, ақсақалдар Жергілікті жобалау және құрылыс бөлімінің техникалық үйретушісімен ақылдасады. Жергілікті жобалау және құрылыс бөлімі жобаны мақұлдаса, ол дүниежүзілік істің садақасымен қаржыландырылады. 2023 қызмет жылы осындай 8793 жоба іске асырылды, оған кеткен сома — 76,6 миллион АҚШ доллары. Сондай екі жобаны қарастырып өтейік.

 Анголада 15 жыл пайдаланып келе жатқан Патшалық сарайының ғимаратында біршама ақаулар анықталды. Электр желісінің тозығы жеткендіктен, оны жаңалау керек еді, қабырғаларында сызат пайда болған және, көршілердің айтуынша, олардың үйлеріне су кіріп кеткен. Жергілікті жобалау және құрылыс бөлімі осы ақауларды жөндеуді шешті. Шығыны — 9285 доллар. Көршілер дән риза болып, істің қалай атқарылғанын көріп ерекше таңғалды.

Анголада жөндеуден өткен Патшалық сарайы

 Польшада Патшалық сарайының шатырынан су ағып, жердегі кілем оңалмастай бүлінген. Жергілікті жобалау және құрылыс бөлімі осы Патшалық сарайын жөндеп, шатырын су өткізбейтіндей етіп, ал кілемін жаңартуды мақұлдайды. Кеткен шығын — 9757 доллар. Осының арқасында бұл Патшалық сарайына бірнеше жыл бойы ірі жөндеу қажет болмайды.

Польшада жөнделіп жатқан Патшалық сарайы

Ехобаға абырой әкеледі

 Жөндеу жұмыстары бір жағынан садақаларды үнемдесе, екінші жағынан Ехобаға абырой сыйлайды. Тонгада тұратын Шаун деген ер бауырлас былай деді: “Жөндеу жұмыстарының арқасында біз Ехобаға таза, ұқыпты, ақауы жоқ ғимаратта ғибадат етеміз. Көрші-қолаңдар соны көргенде, Ехоба жайлы жақсы ойда қалады. Біз адамдарды Патшалық сарайына зор мақтанышпен шақырамыз”.

Әркімнің қосар үлесі

 Ғибадат орнымызды таза ұстап, жөндеу жұмыстарына бәріміз қатыса аламыз. Австралиядағы техникалық үйретуші былай дейді: “Патшалық сарайын күтіп баптауға әркім үлес қоса алады. Бұл — өте керемет іс. Осылайша біз тиісті қаражатты кәдімгідей үнемдейміз. Сөйтіп, сол қаражат шынымен қажетті жерде кәдеге жарайды”.

 Үндістандағы Жоел Патшалық сарайының жөндеу жұмыстарына қуана қатысады. Ол былай дейді: “Бауырластармен бірге иықтаса еңбек еткенде, жаңа дүние көзіме елестейді. Шіркін, ол жерде де осылай болады екен ғой деп шаттана ойлаймын”. Алдында айтылып кеткен Николь былай дейді: “Жақында бауырластар дәретханадағы су аққан жерді жөндегенде, мен еденді сүртіп жүрдім. Менің істегенім, әрине, айтатындай бір үлкен іс емес, бірақ соның арқасында ешкім тайғанап құлаған жоқ”.

 Патшалық сарайының жөндеу жұмыстарына қатысқыңыз келсе, ақсақалдарыңызды құлағдар етіп қойыңыз. Сіздің салатын садақаңыз тек сіздің ғана емес, бүкіл әлемдегі Патшалық сарайларының жай-күйіне үлес қосады. Садақаны Патшалық сарайындағы жәшіктерге салуға болады я болмаса donate.pr418.com сайты арқылы онлайн жасауға болады. Сіздердің дарқан көңілдеріңізге мың да бір рақмет!

Патшалық сарайларымызды бәріміз күтіп-баптай аламыз

a Бұл мақалада доллар деген — АҚШ доллары