Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЕНІМІН СЕРІК ЕТКЕНДЕР | САРА

“Сен өте сұлу әйелсің”

“Сен өте сұлу әйелсің”

САРА бөлмеге кірді де, жан-жағына көз тастады. Оның түпсіз терең әдемі қара көздерінде бір мұң бар еді. Бұл үй Сара үшін жанына жақын. Сүйікті ер-азаматы Ыбырайым екеуі бақыттың құшағында талай сәттерді дәл осы үйде өткізген *. Осы мекенді ыстық ұя еткен де — екеуі.

Олар өркениетті, он саусағынан өнері тамған ұста-шеберлері көп, саудагерлері асып-тасыған Ур қаласында тұратын. Соған қарағанда олардың жиып-терген дүниелері баршылық болған. Бірақ Сара үшін бұл үй — жай ғана үйіп-төгілген дүниеге толы жер емес. Бұл жер — жан жарымен бірге өмірдің тәттісі мен ащысын қатар көрген қымбат жер. Құдайлары Ехобаға талай-талай ыстық дұға айтқан жер. Өз үйін, кең сарайдай боз үйін Сара оп-оңай қиып кете ала ма?

Сара жанының бір бөлшегіне айналғанды қиып кетуге дайын болды. Алпысты алқымдаған ол көз көріп, құлақ естімеген жерге біржола аттанып, қиындықтары көп өмірдің ащы дәмін татпақ. Өмірін осылайша күрт өзгертіп, мүлдем басқа арнаға бұруға не себеп болды екен? Оның сенімін біз қалай үлгі ете аламыз?

“ЖЕРІҢДІ ҚАЛДЫР”

Сара Ур қаласында туып-өссе керек. Бүгінде бұл қаладан қалғаны — үйінділер ғана. Ал Сараның заманында бұл қалаға Евфрат өзені арқылы саудагерлер кемелері ел-елден ағылып келіп жататын. Өзен мен каналдар кеме-қайықтарға лық толып, тауарлар базар атаулыны аралап кететін. Урдың жіңішке, бұлтарыс-қалтарысы көп көшелерін адамдар қаптап, қаладағы өмір қыз-қыз қайнайтын. Күйлерін күйттеп жүрген бұл адамдармен Сара кішкентайынан жиі ұшырасып, кейбірін жақсы білген де шығар. Олар да үріп ауызға салғандай сұлу Сараны байқамай қоймады. Оның үлкен отбасы да назардан тыс қалмайтын.

Ал Киелі жазбалар Сараның мықты сеніміне баса назар аударады. Сенімі дегенде, аспанмен таласқан биік мұнараға барып, Ур халқы сияқты Ай тәңіріне табынуды айтып тұрған жоқпыз. Сара жалғыз Жаратушы Ехоба Құдайға құлшылық еткен. Оның сенімі неден бастау алғаны жайында Жазбалар ештеңе айтпайды. Оның әкесі біраз уақыт пұтқа табынушы болған. Содан күндердің күнінде Сара Ыбырайымға, өзінен он жас үлкен адамға тұрмысқа шықты * (Мұсаның 1-жазбасы 17:17). Ыбырайым кейіннен “сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің бәрінің түп атасы болды” (Римдіктерге 4:11). Сара екеуі сыйласып, сырласып, өмірдің тауқыметін бірге жеңіп, некелерін арқандай берік сақтады. Алайда олардың одағын берік еткен бірден-бір нәрсе — екеуінің де Құдайға деген ыстық сүйіспеншіліктері еді.

Сара жарын өте сүйді. Екеуі туған қаласы Урда, тума-туыс арасында тұрып жатты. Көп ұзамай бұл отбасы бір бақытсыздыққа кезікті. “Сарай бедеу болып, бала тумады”,— дейді Киелі кітап (Мұсаның 1-жазбасы 11:30). Ол заманның мәдениетінде бедеулік кез келген әйел үшін көтере алмастай ауыр қасірет саналған. Алайда Сара Құдайына да, күйеуіне де адал болды. Әкесіз қалған туыстары Лұт оларға ұлындай болып кетті. Осылай өмір жылжып жатты. Бір күні күтпеген бір жағдай болды.

Ыбырайым екі өкпесін қолына алып, көздері жалындап Сараға келді. Ол болған жағдайға сене алар емес. Сиынатын Құдайы жаңа ғана оған тіл қатты, тіпті періштесі арқылы көзіне көрінді! Сараның демін ішіне тартып, Ыбырайымға сүйсіне қарап: “Ол саған не деді, айтшы?!”— деп жатқанын елестетіп көріңізші. Бәлкім, Ыбырайым алдымен орындыққа жайғасып, ойын жинақтап алған соң жауап берген болар. Сосын ол Ехобаның: “Жеріңді, туған-туысыңды қалдырып, мен көрсететін елге бар”,— деген сөздерін жеткізді (Елшілердің істері 7:2, 3). Сезімдері басылған соң екеуі Ехобаның жүктеп отырған тапсырмасы жайында ойланып-толғанды. Енді оларға жылы ұяларын тастап, көшпендінің күйін кешу керек. Бұған Сара не дейді? Осы үлкен белестен өтуде күйеуіне сүйеніш болар ма екен? Ыбырайым оның жауабын ынтызарлықпен күтті.

Таңдау алдында тұрған Сараның сезімі бізге түсініксіз болар. Өйткені Құдай ешқайсымыздан бұлай өтінген емес. Әйткенмен осы сияқты таңдаумен бәріміз де бетпе-бет келеміз. Біз өмір сүріп жатқан дүние бірінші кезекте өз жағдайымызды, дүние-мүлкіміз бен қауіпсіздігімізді ойлауға талпындырады. Ал Киелі кітап басқа нәрсені — өзімізге емес, Құдайға жағуды ойлап, рухани істерді бірінші орынға қоюды — таңдауға шақырады (Матай 6:33). Қазір Сараның үлгісіне үңіле отырып, “Ал мен қандай жолды таңдаймын?” деп ойланып көріңіз.

ОЛАР ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Жолға жиналып жатқан Сара қай затты алып, қайсысын тастап кететінін шешіп әлек. Есектер мен түйелерге арта алмайтын үлкен, көшіп-қонуға ыңғайсыз дүниелерін ол әкете алмайды. Мүліктің көбісін сатуға я басқаларға сыйлауға тура келді. Ішері алдында, ішпегені базарда, дәнді-дақыл, ет, жеміс-жидек, киім, не керек — бәрі тиіп тұрған жермен де қош айтыспақ.

Сараның үлкен сенімі жақсы өмірін тастап, көшуге сеп болды

Мұның бәрін қоя бергенде, үйдің өзімен қоштасу Сараға оңай тимесе керек. Сараның үйі Ур қаласындағы археологиялық қазба жұмыстарында табылған үйлердей болса, онда шынымен-ақ ол қимайтындай бар екен. Кей үйлердің оннан көп бөлмесі, тұщы су көзі мен су құбырлары болған. Ең қарапайым деген үйдің өзінің шатыры мықты, қабырғалары берік және құлыптанатын есігі бар болған. Ал енді жапан түздегі күрке үйлері оларға ұрылардан пана бола ала ма? Сол заманда көптеп торуылдап жүретін арыстан, қабылан, аю мен қасқыр сияқты жыртқыштардан қорғай ала ма?

Сара ет жақындарын қайтпек? Құдайдың “туған-туысыңды қалдырып, мен көрсететін елге көш” деген бұйрығы жүрегіне қадалған шығар. Өзі нәзік, өзі бауырмал, ет жақыны десе емешегі езіліп тұратын Сара туғандарынан қайта көрместей кетуі мүмкін. Оның аға-інілері, әпке-сіңлілері, жезде-жеңгелері мен жиендері аз болмаған, сірә. Десе де ол аяңдап қалмай, көшуге дайындалып жатты.

Міне, Сара буынып-түйініп дайын отыр. Ыбырайым мен Сараның соңынан 200 жылдай уақыт ерте көйлек тоздырған әулетбасы Тарах та ерді (Мұсаның 1-жазбасы 11:31). Қартайған әкесін бағып күтуге Сара сияқты ибалы әйел аямай барын салғаны айтпаса да түсінікті. Ехобаның тілін алып, “халдейлердің жерінен кеткен” көштің арасында Лұт та болды (Елшілердің істері 7:4).

Керуен Евфрат өзенін бойлай 960 шақырымдай жерде жатқан Харанға қарай қозғалып келеді. Бұл жерде олар біраз уақытқа аялдамақ. Осы кезде қауқары қашқан Тарах сапарды жалғастыра алмай, әлсіреп қалды. Ол 205 жасында дүниеден озғанша керуен орнынан жылжымады. Сапарды жалғастырар алдында Ехоба Ыбырайымға тағы бір рет тіл қатып, өзі көрсететін жерге аттануды бұйырды. Сол кезде Құдай ерекше бір жайтты ашты. Ол: “Мен сенен ұлы халық таратамын”,— деп уәде етті (Мұсаның 1-жазбасы 12:2—4). Хараннан шыққан уақытта Ыбырайым 75, ал Сара 65 жаста болатын, әрі олардың әлі балалары жоқ еді. Онда қалайша Ыбырайымнан ұлы халық шықпақ? Әлде ол тоқал ала ма? Ол уақытта көп әйел алудың еш оғаштығы жоқ етін, сондықтан Сараның да басына бұл ой келсе керек.

Міне, жаңа сапарға шығатын күн де келіп жетті. Бұл жолы керуеннің қатары толықты. Жазбаларда Ыбырайымның “жиған-терген мал-мүлкі мен Харанда иемденген қызметшілерін алып” шыққаны айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 12:5). Харан елінде Ыбырайым мен Сараның тыңдайтын құлақ болса, өз сенімдері жайында айта кеткендерінде күмән жоқ. Кейбір көне яһуди мазмұндамаларында тармақтағы “қызметшілер” деп тұрғаны Ыбырайым мен Сараға еріп, Ехоба Құдайға құлшылық етуді шешкен басқа ұлт адамдарын білдіретіні айтылған. Егер бұл рас болса, демек, үлкен сенімнің иесі Сара өз Құдайы мен үміті жайлы батыл айтып жүрген. Сенім мен үміттен ада бұл заманда Сара қай-қайсымызға да жақсы үлгі. Сіз де Киелі жазбалардан өзіңіз білген жақсы жаңалықтарды өзгелерге айтасыз ба?

МЫСЫРҒА КӨШУ

Евфрат өзенін кесіп өткен соң (1943 жылдың 14 нисаны болса керек), көш оңтүстіктегі Ехоба уәде еткен жерге қарай бағыт алды (Мұсаның 2-жазбасы 12:40, 41). Сараның жан-жағына тамсана көз тастап, жердің сұлулығы мен әр алуандығын қызықтап келе жатқанын елестетіп көрейікші. Сихемге жақын жатқан Моренің мәуелі ағаштарының маңында Ехоба тағы да Ыбырайымға көрініп: “Осы жерді сенің ұрпағыңа беремін”,— деді. “Ұрпақ” деген сөзден оның жүрегі тулап, іші жылып қоя берсе керек. Сонау Едем бағында Ехобаның күндердің күнінде Шайтанды жоятын ұрпақтың келетіні жайлы айтқаны еріксіз ойына оралған болар. Құдай Ыбырайымнан тарайтын халық арқылы жер бетіндегі бүкіл адамзат жарылқанатынын да айтты (Мұсаның 1-жазбасы 3:15; 12:2, 3, 6, 7).

Алайда өмірдің ащысы бұл отбасын да айналып өтпеді. Қанахан жерін аштық жайлап, Ыбырайым отбасымен оңтүстікте жатқан Мысырға көшті. Бірақ бір қауіпті сезген ол Сараға былай деді: “Сөзіме құлақ түрші, сен өте сұлу әйелсің. Саған мысырлықтардың көзі түсіп “мынау — оның әйелі” дері сөзсіз. Сонда олар мені өлтіріп, сені тірі қалдырады. Сондықтан жамандыққа ұшырамай, сенің арқаңда жаным аман қалу үшін, өзіңді менің қарындасым деп айтшы” (Мұсаның 1-жазбасы 12:10—13). Бұлай өтінуіне не себеп болды?

Ыбырайым баз бір сыншылар айтқандай өтірікші я қорқақ болмаған. Сара шынымен де оған қарындас болып келеді. Ыбырайымның қауіптен сезіктенуі де бекер емес-тін. Екеуі де Ыбырайымнан ерекше ұрпақ пен халық шығатыны жайлы Ехобаның уәдесінен маңызды нәрсе жоқ екенін түсінді. Сондықтан Ыбырайымның қауіпсіздігі басты назарға алынды. Археологиялық деректер көрсететіндей, Мысырдың дәрежелі кісілері біреудің әйелін тартып алып, күйеулерін өлтіріп тастайтын оқиғалар болған. Жағдайды ақылға салған Ыбырайым қауіптің алдын алмақ болды, ал Сара кішіпейілділікпен асыл жарын қолдады.

Оқиғаның өрбу барысы Ыбырайымның күдіктенгені бекер болмағанын көрсетті. Перғауынның кейбір бекзадалары Сараның үлкен жасқа келсе де, көз сүріндіретін сұлулығын бірден байқап қойды. Бұл хабар перғауынға жеткен соң, ол Сараны сарайға алдыртты. Сол кездегі Ыбырайымның жан қиналысын, ал Сараның қорқынышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алайда Сараны тұтқын деп емес, құтты қонақтай көрді. Соған қарағанда перғауын Сараны байлығымен таңғалдырып, көңілін жаулап, сосын ағасы Ыбырайыммен келіссөз жүргізіп, әйелге алғысы келсе керек (Мұсаның 1-жазбасы 12:14—16).

Сарайдың терезесінен Мысырдың байтақ даласына қарап тұрған Сара жайлы ойланып көрейікші. Қабырғалы, шатырлы кең сарайда, не ішем, не жеймін демейді. Қолын жылы суға малып, Урдағы өмірден де рақат өмірге Сара қызықты ма? Егер ол Ыбырайымды тастап, перғауынның әйелі болуды көздесе, онда Шайтанның қуанышында шек болмас еді! Бірақ Сара мұндай қылықтан бойын аулақ ұстап, жарына, ақ некесіне және Құдайына берілгендік сақтады. Некедегі әр адам мынау азғын дүниеде осындай адалдық танытса ғой, шіркін! Сүйіктілеріңіз бен достарыңызға Сара сияқты адал болғыңыз келер ме еді?

Перғауын сарайындағы азғыруларға қарамастан, Сара ақ некесіне адал болды

Ехоба Құдай осы бір сүйікті де сүйкімді әйелге өзі араша түсіп, перғауын мен оның үй ішіне індеттер жіберді. Перғауын бұл әйел Ыбырайымның әйелі екенін біліп қойған соң, Сараны оған қайтарып, Мысырдан кетулерін сұрады (Мұсаның 1-жазбасы 12:17—20). Аяулы әйелімен қайта қауышқанда Ыбырайымның жүрегі жарыла жаздаған шығар! Оның: “Сен өте сұлу әйелсің”,— деген сөздері есімізде болар. Бірақ Ыбырайым үшін оның тән сұлуы емес, жан сұлуы ерекше қымбат еді. Иә, Сараның жан сарайының сұлулығы Ехоба үшін де аса қымбат (Петірдің 1-хаты 3:1—5). Осындай сұлулыққа қай-қайсымыздың да қол жеткізгіміз келері өтірік емес. Дүние-мүліктен рухани байлықты жоғары қойып, Құдай жайында өзгелерге айтар болсақ, азғыруларда Құдайдың моральдық талаптарынан аттамай, түзу жолда нық тұрсақ, Сараның сенімін серік етеміз.

^ 3-абзац Алғашында олардың есімі Ыбырам мен Сарай болған. Алайда көпшілігіміз оларды Ехоба берген Ыбырайым мен Сара деген есімдермен танимыз (Мұсаның 1-жазбасы 17:5, 15).

^ 8-абзац Сара мен Ыбырайым әртүрлі шешеден, бірақ бір әке — Тарахтан туылғандықтан, бір-біріне бауыр еді (Мұсаның 1-жазбасы 20:12). Өгей бауырлардың некелесуі қазір теріс саналғанмен, ол уақыттың өз ерекшеліктері бар болған. Мысалы, адамдар Адам мен Хауа айырылып қалған кемелділікке жақын еді. Денсаулықтары мықты болғандықтан, екі туыстың некесінен тараған ұрпақтарда генетикалық ауытқулар болмаса керек. Ал шамамен 400 жылдан соң адамдардың өмір ұзақтығы біздің күндеріміздегідей шамаға жетті. Сол заманда шыққан Мұса Заңы жақын туыстардың некелесуіне тыйым салды (Мұсаның 3-жазбасы 18:6).