Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Ехоба Құдай мені ұмытқан емес

Ехоба Құдай мені ұмытқан емес
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1922

  • ЕЛІ: ИСПАНИЯ

  • БҰРЫНДА: КАТЕХИСТ БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен әлеуметтік жағдайы орташа болған Испанияның солтүстігіндегі Бильбао қаласында дүниеге келдім. Отбасында төрт қыздың екіншісі болдым. Біздің отбасымыз католик дінін ұстанатын және мен күн сайын месса рәсіміне баратынмын. 23 жасымда мұғалім болдым. Мен бұл мамандықты қатты жақсы көретінмін және өмірімнің 40 жылын осы жұмысқа арнадым. Басқа да пәндермен қатар мен католик дінін үйрететінімді мақтан тұтатынмын. Ал кешке қарай катехист ретінде қызмет ететінмін, яғни жас қыздарды шіркеудегі бір арнайы рәсімге алғаш рет қатысуға дайындап, тәлім беретінмін.

Бақытты некеде 12 жыл болғаннан кейін, мен төрт қызыммен жесір қалдым. Сол кезде мен небәрі 33 жаста едім! Мен өз дінімнен жұбаныш тапқым келетін, бірақ көптеген сұрақтарым жауапсыз қалатын. Мысалы, мені мынадай сұрақтар мазалайтын: “Мәсіх күнәміздің құнын өтеп қойған болса, неге біз өлеміз? Жақсы адамдар көкке баратын болса, неге біз Құдай Патшалығының келуін сұрап дұға етеміз? Өлген соң Құдай бізді көкке, не күнәдан тазартатын орынға, я болмаса тозаққа жіберуге үкім шығаратын болса, неге содан кейін ол бізді ақырғы рет тағы да соттайды?”

Мен бұл сұрақтарды кейбір дін қызметшілеріне қойдым. Сонда олардың бірі маған былай деп жауап берді: “Мен білмеймін. Мұны епископтан сұраңыз. Бірақ бұлардың сізге керегі не? Құдайға сенсеңіз болды емес пе? Қалғанын ойлап қайтесіз?” Бірақ мен сұрақтарымның жауабын іздеуді доғармадым. Кейінірек иезуиттердің, пятидесятниктердің және гностиктердің тәлімін тыңдауға бардым. Бірақ олардың ешқайсысы сұрақтарыма қанағаттандырарлық жауап бермеді.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Жасым 60-тан асқанда жеті жасар бір оқушы мені Ехоба куәгерлерінің кездесуіне шақырды. Ол жерде көріп-естігендерім маған қатты ұнады. Бірақ бос уақыт табу қиын болғандықтан, сол кездері Куәгерлермен әрі қарай байланыса алмаған едім. Екі жылдан кейін үйіме Хуан және Майта есімді Куәгер ерлі-зайыпты келіп, есігімді қақты. Біз үш ай бойы сұрақ-жауап арқылы қызу әңгімелестік, сөйтіп, ақырында Киелі кітапты зерттеуге көштік.

Мен Киелі кітапты зерттеудің әр сабағын асыға күтетінмін! Ехоба куәгерлерінің үйрететіндері шындық екеніне көз жеткізу үшін Киелі кітаптың үш аудармасын қолданып, барлығын мұқият зерттейтінмін. Көп ұзамай дінмен байланысты көп нәрсені ондаған жылдар бойы дұрыс түсінбей келгенімді аңғардым. Бұрынғы ұстанған ілімдерім мен Киелі кітаптан білгендерімнің арасында үлкен айырмашылықтың бар екені мені қатты таңғалдырды. Сол кезде жүрегіме терең тамыр жайған бұрынғы нанымдар түптамырымен жұлынып жатқандай болды.

Мен құнды нәрсені тапқанымды түсіндім

Кейін менің екінші күйеуім қатты науқастанып, қайтыс болды. Сол уақыттары зейнетке шығып, Бильбаодан уақытша көшіп кеткен едім. Хуан мен Майта да көшіп кеткен болатын. Өкінішке қарай, мен Киелі кітапты зерттеу сабағын тоқтаттым. Бірақ жүрегімнің түбінде құнды нәрсені тапқанымды түсінетінмін және оны ешқашан ұмытқан емеспін.

Шамамен 20 жылдан кейін, 82 жасымда Хуан мен Майта Бильбаоға қайтадан көшіп келді. Олармен қайта қауышуға өте қуанышты болдым! Мен Ехоба үшін ұмыт болмағанымды түсіндім де, зерттеу сабағын қайта бастадым. Бір сұрақты қайта-қайта қоя берсем де, Хуан мен Майта маған зор шыдамдылық танытатын. Жаныма жақын болып қалған бұрынғы нанымдарымнан бас тартуым үшін Киелі кітаптағы дәлелдерді қайта-қайта түсіндіруді қажет еттім. Сондай-ақ Киелі кітаптағы шындықты достарым мен туыстарыма түсіндіруге дайын болғым келетін.

Ақыр соңында мен 87 жасымда шомылдыру рәсімінен өттім. Бұл күн өмірімдегі ең бақытты күн болды. Шомылдыру рәсімі Ехоба куәгерлерінің конгресінде болды. Ақсақал Киелі кітапқа негізделген баяндамасын әсіресе шомылдыру рәсімінен өткелі тұрған біздерге арнап айтты. Баяндаманың мені тебіренткені сонша — көзіме жас алдым. Мен оны Ехобаның өзі жеке маған айтып жатқандай тыңдадым. Ал шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін көп Куәгерлер, тіпті олардың көбісін танымасам да, маған жақындап, құттықтап жатты.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Мен Иса Мәсіхтің “жол” екенін бұрыннан білетінмін (Жохан 14:6). Бірақ Киелі кітапты зерттегенімнің арқасында Ехоба Құдайды жақыннан таныдым әрі Исаның соған жетелейтін жол екенін түсіндім. Енді мен Ехобаға сүйікті Әкем әрі Досым ретінде қарап, дұға ететін болдым. “Ехобаға жақында” * деген кітапты оқығаным өмірімді қатты өзгертті. Алғашында оны бір-ақ түннің ішінде оқып тастадым! Ехоба Құдайдың қаншалықты мейірімді екенін білгенім маған қатты әсер етті.

Ұзақ жылдар Құдай жайлы шындықты іздегенім жайлы ойлансам, Исаның мына сөздері есіме түседі: “Сұрай беріңдер, сонда сендерге беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда сендерге ашылады” (Матай 7:7). Қазір мен кезінде қатты білгім келген сұрақтарымның жауабын білемін әрі бұл жайлы өзгелерге де айтудан көп қуаныш аламын.

Қазір жасым тоқсанға келсе де, әлі Ехоба Құдай туралы білерім көп деп ойлаймын. Патшалық сарайында өтетін әрбір кездесуге бару — мен үшін ерекше жайт. Өйткені мен онда өте құнды білім аламын және рухани бауырластарыммен араласамын. Мен жер бетінде уәде етілген жұмақ орнағанда қайтадан мұғалім болғым келеді (Аян 21:3, 4). Дүниеден өткен сүйікті жақындарыммен қайта көрісіп, оларға Киелі кітаптағы шындықты үйретуді әсіресе асыға күтемін (Елшілердің істері 24:15). Оларға қартайған шағымда Ехобаның маған қандай баға жетпес сый бергенін айтуды қатты қалаймын!

^ 15-абзац Ехоба куәгерлері басып шығарған.