Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Олар дайындық рухын танытты. Микронезия

Олар дайындық рухын танытты. Микронезия

ҚҰРАМА ШТАТТАРДА туып өскен Кэтрин есімді қыз 16 жасында шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болады. Ол қызметке құлшыныспен атсалысып жүреді, алайда өзінің уағыздап жүрген аумағында ізгі хабарға құлақ асатын адамдардың өте аз екенін байқайды. Кэтрин былай дейді: “Әдебиеттерімізден Құдайды танып-білуге көмектесетін біреуді жіберуін өтініп, дұға еткен адамдар жайлы оқитынмын. Мен осындай адамдарды табуды қатты қалайтынмын, бірақ өкінішке қарай бұл қалауым орындалмайтын”.

Сол аумақта бірнеше жыл қызмет еткеннен кейін, Кэтрин Патшалықтың жариялаушылары аса қажет жерге көшу жайлы ойлана бастайды. Бірақ ол бұлай ету қолынан келетін-келмейтінін ойлап, қатты уайымдайды. Өйткені бұған дейін ол ешқашан отбасынан ұзаққа ажырамаған еді. Тек бір рет қана ол екі аптаға үйінен кеткен және сол уақыттың өзінде отбасын қатты сағынған екен. Десе де Ехобаны іздеген адамдарға көмектесуге деген ықыласы оның бұл уайымынан басымырақ болып шығады. Кэтрин көшіп баруға болатын бірнеше жерлерді қарастырғаннан кейін Гуам филиалына хат жазып, өзіне керек мәлімет алады. Ол 2007 жылдың шілде айында, 26 жаста болған кезінде, Тынық мұхитындағы Сайпан аралына көшіп барады. Бұл жер оның үйінен шамамен 10 000 шақырым жерде орналасқан еді. Ол көшіп барғанының арқасында қандай нәтижеге қол жеткізді?

ЕКІ ДҰҒАҒА БЕРІЛГЕН ЖАУАП

Жаңа қауымға ауысқаннан кейін, көп ұзамай Кэтрин жасы 40-тан асқан Дорис есімді бір әйелді кездестіріп, онымен зерттеу сабағын бастайды. Олар “Киелі кітап үйретеді” кітабының үшінші тарауына келгенде, Кэтринді бір нәрсе мазалайды. Ол былай дейді: “Дорис Киелі кітапты зерттеуді өте қатты ұнататын және мен оның қызығушылығының суып кеткенін қаламадым. Бұған дейін менде жүйелі түрде өтетін зерттеу сабағы ешқашан болмаған еді. Сондықтан Дориспен маған қарағанда тәжірибесі мол және өзі қатарлас жариялаушы зерттеуі керек деп ойладым”. Кэтрин Ехобаға дұға етіп, зерттеу сабағын өткізуге болатын тәжірибелі бауырласты табуға көмектесуін сұрайды. Сосын ол Дориске бұл өзгеріс жайлы айтуды шешеді.

Кэтрин былай дейді: “Дориске бұл мәселе жайлы әлі айтпай тұрғанымда, ол менімен бір қиындығы жайлы сөйлескісі келетінін айтты. Оны тыңдап болғаннан кейін, мен оған оныкіне ұқсас жағдайға тап болғанымда Ехобаның маған қалай көмектескенін айтып бердім. Дорис маған бұл үшін ризашылығын білдірді”. Сосын Дорис Кэтринге былай деген екен: “Маған көмектесу үшін Ехоба сені қолданып жатыр. Сен маған алғаш келген күні мен бірнеше сағат бойы Киелі кітабымды оқып, Құдайдан маған оның Сөзін түсінуге көмектесетін біреуді жіберуін сұрап, жылап отырған едім. Сосын үйімнің есігін тоқылдатып, сен келдің. Осылайша Ехоба менің дұғама жауап берді!” Мұны естіген Кэтрин қуаныштан көзіне жас алады. Ол былай дейді: “Дористің сөздері менің дұғама жауап болды. Ехоба маған бұл зерттеу сабағын әрі қарай да өткізе алатынымды көрсетті”.

Дорис 2010 жылы шомылдыру рәсімінен өтеді және бүгінде өзі де бірнеше адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізеді. Кэтрин былай дейді: “Ақжүректі адамға Ехобаның қызметшісі болуға көмектесемін деген тілегімнің орындалғанына қатты қуанамын!” Қазір Кэтрин Тынық мұхитындағы Косрае аралында арнайы ізашар ретінде қызмет етеді.

ҚЫЗМЕТ АЯСЫН КЕҢЕЙТКЕНДЕР КЕЗІГЕТІН ҮШ ҚИЫНДЫҚ

Микронезияның қажеттілік бар жерлерінде 19-дан 79 жас аралығындағы шет елдерден келген жүзден аса бауырлас қызмет етеді. Осы құлшынысты жариялаушылардың бастарынан кешкен сезімдерін Эрика есімді бауырлас та сезінді. Ол Гуамға 2006 жылы 19 жасында келген. Ол былай дейді: “Шындыққа сусаған адамдар тұратын жерде ізашар болып қызмет ету көп қуаныш әкеледі. Ехобаның маған осы қызмет түрін атқаруға көмектесіп жатқанына қатты ризамын. Бұл — ең керемет өмір жолы!” Бүгінде Эрика Маршалл аралдарындағы Эбейеде арнайы ізашар болып қызмет етеді. Әрине, шет елде қызмет етудің өз қиындықтары бар. Сондай қиындықтардың үшеуіне тоқталып, Микронезияға көшіп барғандардың оларды қалай жеңгенін қарастырайық.

(Оң жақтағы сурет) Эрика

Өмір салты. 2007 жылы Палау еліне келген 22 жасар Симон есімді жариялаушы бұл елде алатын жалақысының өзінің туған елі Англияда алған жалақысынан әлдеқайда аз екенін түсінеді. Симон былай дейді: “Маған қалаған нәрсемді ала бермеуді үйренуге тура келді. Қазір мен қандай азық-түлік алу керектігіне мұқият ден қоямын және арзан бағамен сататын дүкендерді іздеймін. Ал егер бір затым сынып қалса, қажетті бөлшектің жаңасын емес, қолданылғанын сатып аламын және затымды жөндеуге көмектесетін біреуді іздеймін”. Осындай қарапайым өмір салты оған қалай әсер етті? Ол былай дейді: “Бұл маған өмірде не нәрсенің шынымен де қажет екенін және көп затсыз-ақ өмір сүруге болатынын түсінуге көмектесті. Менімен болған бірнеше жайт Ехобаның мені аялы алақанымен қамқорлап жүргенін анық көрсетті. Осында қызмет еткен жеті жылда менің ішер ас пен баспанасыз қалған кезім болған емес”. Расында да, Патшалықты бірінші орынға қою үшін қарапайым өмір сүруді шешкен қызметшілерін Ехоба әрқашан қолдайды (Мат. 6:32, 33).

Сағыныш сезімі. “Мен отбасыма қатты бауыр басып өскенмін. Сондықтан сағыныш сезімі қызметіме кедергі болатын шығар деп уайымдадым”,— дейді Эрика. Ол мұндай қиындыққа дайын болу үшін не істеді? Эрика былай дейді: “Басқа елге көшпес бұрын мен “Күзет мұнарасынан” сағыныш сезімімен қалай күресуге болатыны жайлы мақалалар оқыдым. Бұл маған осы қиындыққа дайын болуға көп көмектесті. Оқыған мақалаларымның бірінде әйел бауырласымыздың қызын жігерлендіру үшін “Ехоба сені менен де жақсы қамқорлай алады” деп айтқан сөздері жазылған екен. Бұл сөздер маған шынында да күш берді”. Ханна мен оның күйеуі Патрик Маршалл аралдарындағы Маджурода қызмет етеді. Ханна сағыныш сезімімен күресу үшін бар назарын қауымдағы бауырластарға аударуға тырысады екен. Ол былай дейді: “Мен үнемі Ехобаға дүниежүзілік бауырластық үшін ризашылығымды білдіремін. Өйткені олар да менің отбасым. Олардың сүйіспеншілікпен көрсеткен көмектері болмағанда, мен ешқашан қажеттілік бар жерде қызмет ете алмас едім”.

(Сол жақтағы сурет) Симон

Достар табу. “Басқа елге көшіп барған кезде, барлық нәрсе сен үшін жаңа болады,— дейді Симон.— Мен кейде басқалармен қалжыңдасып сөйлескім келеді және басқалар мені толық түсінсе екен деймін”. Ал Эрика болса былай дейді: “Алғашында өзімді шетте қалғандай сезінетінмін. Бірақ мұндай кездері бұл жерге қандай мақсатпен көшіп келгенім жайлы ойланатынмын. Өйткені мен мұнда жеке басымның пайдасы үшін емес, Ехобаға көбірек қызмет ету үшін келдім. Уақыт өте келе менің керемет достарым пайда болды. Мен оларды қатты бағалаймын”. Симон палау тілін үйрену үшін көп күш салғанының арқасында жергілікті бауырластарға “жүрегін айқара аша” алды (Қор. 2-х. 6:13). Оның тілді үйренуге күш салып жатқанын көрген бауырластар оны қатты жақсы көріп кетті. Иә, жаңадан келгендер мен жергілікті бауырластар иық тіресе қызмет етер болса, қауымдағы тығыз достық қарым-қатынастан қуаныш алатын болады. Дайындық рухын танытып, қажеттілік бар жерде қызмет етіп жүргендер тағы қандай баталарға ие бола алады?

“ЖОМАРТ СЕПКЕН МОЛ ЖИНАЙДЫ”

Елші Пауыл: “Жомарт сепкен мол жинайды”,— деген (Қор. 2-х. 9:6). Бұл сөздердің астарында жатқан принцип қызмет аясын кеңейткендерге де тікелей қатысты. Олай болса, Микронезиядағы бауырластар өнімді қаншалықты “мол жинауда”?

Патрик пен Ханна

Микронезияда Киелі кітапты зерттегісі келетін адамдар әлі де көп және Құдай Сөзіндегі шындықты біліп, оны өмірлерінде қолданып жатқан адамдардың рухани өсіп жатқандарын өз көзіңмен көре аласың. Патрик пен Ханна 320 тұрғыны бар Ангаур деген кішкентай аралда да қызмет еткен. Сол жерде қызмет еткендеріне екі ай болған кезде, олар жалғыз басты бір ананы кездестірген. Киелі кітапты зерттеуге бірден келіскен бұл әйел шындықты тез қабылдап, өмірінде үлкен өзгерістер жасаған. Ханна былай дейді: “Әр зерттеу сабағынан кейін күйеуім екеуміз велосипедпен үйге қайтып бара жатқанда, бір-бірімізге қарап: “Ехоба рақмет!”— дейтінбіз. Ехоба бұл әйелге шындықты біз арқылы не басқалар арқылы болсын міндетті түрде ашар еді, бірақ қажеттілік бар жерде қызмет еткеніміздің арқасында біз осы әйелді тауып, оған Ехобаны танып-білуге көмектесе алдық. Бұл — біздің өмірімізде болған ең керемет жағдай!” Эрика былай деп қосты: “Адамға Ехоба жайлы білуге көмектесу сөзбен айтып жеткізуге болмайтын зор қуанышқа бөлейді!”

СЕН ӨЗ ҮЛЕСІҢДІ ҚОСА АЛАСЫҢ БА?

Бүгінде Патшалықтың жариялаушылары аса қажет жерлер өте көп. Ал сен көмек қажет жерлерге көшіп жатқан бауырластардың қатарына қосыла аласың ба? Бұл жайлы қауымдағы ақсақалдармен, аудандық бақылаушымен не қажеттілік бар жерде қызмет етіп жүрген бауырластармен сөйлесіп көрсең болады. Ехобаға дұға етіп, қызмет аясын кеңейтуге деген қалауыңды арттыруын сұра. Көшу жайлы шешім қабылдаған соң, барғың келетін елдің филиалына хат жазып, көбірек мәлімет сұрастыр *. Бәлкім, сен де дайындық рухын танытқандарының арқасында өнімді “мол жинап”, қуанышқа кенеліп жүрген жас, қарт, ерлі-зайыпты және салтбасты мыңдаған бауырластың қатарына қосыларсың.

^ 17-абзац “Біздің патшалық қызметіміздің” 2011 жылғы тамыз айындағы санының “Македонияға” көшіп бара аласың ба?” деген мақаласын қара.