Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | АТА-АНАЛАР

Балаңыз өтпелі кезеңнен ойдағыдай өтсін десеңіз...

Балаңыз өтпелі кезеңнен ойдағыдай өтсін десеңіз...

ҚИЫНДЫҚ

Көп ата-ана күні кеше ғана тәтті қылықтарымен тәнті еткен бүлдіршіндерінің жеткіншек жасқа қалай тез-ақ жетіп қалғандарын аңғармай қалады. Жеткіншек шақта әр ұл не қыз балалықтан ересектікке апаратын өтпелі кезеңді бастан өткереді.

Жыныстық жетілу кезеңіне аяқ басқан қызыңыз не ұлыңыз бойындағы өзгерістерді байқап, күйзеліске түсуі, я болмаса өзімен не болып жатқанын түсінбей дал болуы мүмкін. Осындай шағында балаңызға қалай көмектесе аласыз?

МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН

Өтпелі кезеңнің өз уақыты бар. Кейбір ұл-қыздар өтпелі кезеңге кешірек (15 не одан да кеш жаста) аяқ басса, басқаларында ол тым ерте (8 жаста) басталуы мүмкін. Жасөспірімдер туралы бір кітапта “бойжеткенге не бозбалаға айналу үдерісі әртүрлі жаста көрініс табуы мүмкін” делінген (“Жылы ұядан ұшыру”).

Өтпелі кезеңде болатын сенімсіздік. “Жас бала құстың көлеңкесінен де тоңады” демекші, жеткіншектер өте сезімтал болып келеді, оларға басқалардың өздері жайлы не ойлайтыны аса маңызды. Жалғас * есімді бозбала былай деп есіне алады: “Мен сырт көрінісім мен іс-әрекетіме тым көп мән беретінмін. Көпшіліктің арасында болғанымда, олар мені біртүрлі деп ойлап қалған жоқ па екен деп уайымдайтынмын”. Ал баланың бетін безеу басқанда, одан бетер әбігерге түсері сөзсіз. 17 жасар Дана былай дейді: “Менің бетім соғыс алаңына ұқсайтын! Өзімді ұсқынсыз сезініп, жиі жылайтынмын”.

Ерте жетілудің өзіндік қиындықтары. Жеткіншек шағында көбінесе қыздар келеке-мазаққа қалады. Өйткені олардың омырауы өсіп, белі мен бөксесі біліне бастайды. “Жасөспірімдердің ата-аналарына басшылық” деген кітапта былай жазылған: “Ерте жетілген қыздар үшін бір қауіп бар: олар өздерінен үлкен әрі жүргіш жігіттердің көзіне ілігіп қалуы мүмкін”.

Өтпелі кезең — ересектік емес, ересектікке өтетін көпір. Нақыл сөздер 22:15-те “баланың жүрегінде ақымақтық бар” деген сөздер жазылған. Өтпелі кезеңге жеткені баланың ақылы толысты дегенді білдірмейді. Ата-аналар мен жасөспірімдер туралы бір кітапта жазылғандай, жеткіншек бала сырт көзге бойжеткен не ержеткендей көрінетін шығар, “бірақ ол әлі ақыл тоқтатқан адам емес, сондықтан дұрыс шешімдер қабылдай алмауы, өз ісіне жауап бере алмауы, өз-өзін игере алмауы мүмкін”.

СІЗ НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

Балаңызбен өтпелі кезеңге өтпей тұрып сөйлесіңіз. “Күнсіз гүл өспес, күтімсіз ұл өспес” дегендей, бозбала мен бойжеткен сіздің ерекше күтіміңізді талап етеді. Оларға өзгерістер жайында, қыз болса, етеккірдің келуі, ал ұл болса, шәуеттің түзілуі жайлы айтыңыз. Бұл өзгерістер осы кезеңде болатын басқа өзгерістерге қарағанда күтпеген жерден болады. Сондықтан балалар абдырап не қорқып қалуы мүмкін. Балаңызбен әңгімелеспес бұрын, жағдайға оң көзқараспен қарауға тырысыңыз. Мысалы, өтпелі кезеңнің балаңызды ересек өмірге дайындайтын пайдалы жақтары туралы ойланыңыз. Киелі кітаптың кеңесі: Зәбүр 139:14.

Егжей-тегжейіне дейін ашық айтыңыз. Дәурен есімді бозбала былай дейді: “Ата-анам маған нақты айтпайтын. Олар сол кезде “тақырыпты” айналшықтамай, ашық айтқандарында ғой!” 17 жасар Жәмилә болса былай дейді: “Анам мені бойымда болатын өзгерістерге дайындады. Бірақ маған оның жан дүниемдегі өзгерістер кезінде қолдағаны көбірек қажет еді”. Иә, қаншалықты ыңғайсыз болмасын, баламен өтпелі шақтың егжей-тегжейіне дейін талқылаған маңызды. Киелі кітаптың кеңесі: Елшілердің істері 20:20.

Әңгімеге тартатын сұрақтар қойыңыз. Балаңыз өзін еркін сезінуі үшін, әңгімені өтпелі кезеңдегі басқа жеткіншектерден бастаңыз. Мысалы, қызыңызға былай десеңіз болады: “Етеккір күндері туралы айта бастаған сыныптас қыздарың бар ма? Ұлдар ерте жетілген қыздарды мазақтаған жағдай болды ма?” Ал ұлыңыздан: “Жігіттер әлі ержетпеген ұлдарды мазақ етіп күле ме?”— деп сұрауға болады. Егер балаңыз алдымен басқа жеткіншектер туралы айтса, онда артынша өзі жайлы да ашық айта алады. Ол өтпелі кезеңді өзі қалай өткеріп жатқанын әңгімелей бастағанда, “тыңдауға жүйрік, сөйлеуге баяу болу керек” деген кеңесті ойда ұстаңыз (Жақып 1:19).

Жеткіншек балаңызды дана әрі саналы болуға үйретіңіз (Нақыл сөздер 3:21). Өтпелі кезең — баланың тек сырт келбеті мен мінез-құлқында болатын өзгерістер кезеңі ғана емес. Осы уақыт аралығында ол болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға қажет болатын ақыл-ес жинайды. Сондықтан мүмкіндікті қалт жібермей, балаңызға маңызды құндылықтарды үйретіңіз. Киелі кітаптың кеңесі: Еврейлерге 5:14.

Берілмеңіз. Жасөспірімдердің көбісі ата-анасымен жыныстық жетілу жайында сөйлесуден тартынады. Бірақ сіз берілмеңіз. Себебі жеткіншектер осы тақырыпта сөйлесуді іш пыстырарлық, ұят, жеркенішті санағанмен не ештеңе естімей отырғандай сыңай танытқанмен, сіздің айтқан әрбір сөзіңізді құлағына құйып отыруы мүмкін.

^ 8-абзац Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген.