Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітап аудармалары неге сонша көп?

Киелі кітап аудармалары неге сонша көп?

Неліктен бүгінде Киелі кітап аудармалары өте көп? Олар Киелі кітапты түсінуді расында жеңілдете ме, әлде керісінше ме? Қазір осы аудармалар жайлы көбірек біліп, оларға дұрыс баға беруге тырысып көрейік.

Алдымен, Киелі кітаптың авторы кім екеніне және ол қашан жазылғанына тоқталайық.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ТҮПНҰСҚАСЫ

Киелі кітап екі бөліктен тұрады. “Құдайдың қасиетті сөздері” жазылған бірінші бөлігіне 39 кітап кіреді (Римдіктерге 3:2). Бұлар шамамен 1100 жыл бойы (б. з. б. 1513 ж.—шамамен б. з. б. 443 ж.) жазылды. Құдай оларды өзіне адал ер кісілерге киелі рухын бере отырып жаздырды. Олар көбінесе еврей тілінде жазғандықтан, бұл кітаптарды Еврей жазбалары немесе “Көне өсиет” деп атаймыз.

27 кітаптан тұратын екінші бөлігі де “Құдай сөзі” болып табылады (Салоникалықтарға 1-хат 2:13). Иса Мәсіхтің адал шәкірттері оны Құдайдың киелі рухының қозғау салуымен шамамен 60 жылдай уақыт бойы (б. з. 41 ж.—б. з. 98 ж.) жазды. Олар көбіне грек тілінде жазғандықтан, бұл кітаптар Грек жазбалары немесе “Жаңа өсиет” деп аталады.

Осы 66 кітаптың бәрі бірігіп, Жаратушының адамзатқа арнаған хабары — Киелі кітапты құрайды. Алайда не үшін оны көп тілге аудару қажет болды? Мұның негізгі 3 себебі бар:

  • адамдар Құдай Сөзін ана тілдерінде оқи алулары үшін;

  • көшірмешілер жіберген қателерді түзеп, Құдай Сөзінің түпнұсқа мәтінін қалпына келтіру үшін;

  • көне тілді жаңарту үшін.

Осы себептер Киелі кітаптың ежелгі екі аудармасына қалай әсер еткеніне назар аударайық.

ГРЕК СЕПТУАГИНТІ

Исаның заманына дейін 3 ғасырдай уақыт бұрын яһуди дін мұғалімдері Еврей жазбаларын өзге тілге — грекшеге аудара бастады. Бұл аударма кейіннен Грек Септуагинті деп аталып кетті. Бұл еңбек не үшін қажет болды? Себебі сол заманда көп яһудилер еврей тілінен гөрі грек тілін жақсы түсінетін. Грек Септуагинті оларды “Киелі жазбалардан” алыстап кетуден сақтады (Тімөтеге 2-хат 3:15).

Бұл аударма яһуди ұлтына жатпайтын, грекше сөйлейтін миллиондаған адамға да Киелі кітаптың ілімдерімен танысуға көмек болды. Қалайша? Профессор В. Ф. Говардтың айтуынша, Септуагинт I ғасырдың ортасынан бастап мәсіхшілер шіркеуінің Киелі кітабына айналған, әрі оның уағыздаушылары мәжілісханаларды аралап, “Иса — сол Мәсіхтің өзі” екенін Жазбалардан дәлелдеп жүрген (Елшілердің істері 17:3, 4; 20:20). Ф. Ф. Брюс мырза түсіндіргендей, осы себептен де яһудилердің көбісі енді Септуагинтке қызықпайтын болған.

Исаның шәкірттері Грек жазбаларының мәтінін қағаз бетіне түсіре келе, оларды Еврей жазбаларының Септуагинт аудармасына қосып отырды. Осылайша бүгін қолымызда бар Киелі кітаптың толық нұсқасы пайда болды.

ЛАТЫН ВУЛЬГАТАСЫ

Киелі кітап толық жазылып біткеннен 300 жылдай өткен соң, Иероним есімді дін мұғалімі оны латын тіліне аударды. Бұл аударма кейіннен Латын Вульгатасы деп танымал болды. Алайда бұнсыз да латын тілінде Киелі кітап нұсқалары көп еді. Оның тағы бір аудармасы не үшін қажет болды? Иероним “бұрыс аударылған жерлерін, анық көрініп тұрған қателерді және артық ой қосылған не алынып тасталған жерлерді” түзеткісі келді (“The International Standard Bible Encyclopedia”).

Ол өз мақсатына жетті де. Бірақ уақыт өте шіркеу басшылары Латын Вульгатасын шіркеу мақұлдаған Киелі кітаптың жалғыз аудармасы деп жариялап, оңбай қателесті! Бұл қателік бірталай ғасыр бойы түзелмеді. Вульгата халыққа Құдай Сөзін түсінікті етіп жеткізудің орнына, одан алыстатып жіберді. Өйткені сол дәуірде халықтың басымы латын тілін білмейтін.

ЖАҢА АУДАРМАЛАР КӨБЕЮДЕ

Уақыт өте келе Киелі кітаптың басқа да аудармалары пайда болды. Солардың бірі — б. з. V ғасыр төңірегінде жазылған әйгілі “Сирия Пешиттасы”. Бірақ қара құрым халық түсінетін тілдерге Киелі кітап тек XIV ғасырдан бастап қана аударыла бастады.

XIV ғасырдың аяғында Англиядағы Джон Уиклиф Киелі кітапты өлі тілдің құрсауынан босатып, оны өз еліндегі жұртшылық түсінетін ағылшын тіліне аудара бастады. Кейіннен Иоганн Гутенберг Киелі кітапты басып шығару әдісін ойлап тапты. Осының арқасында Киелі кітап зерттеушілері бүкіл Еуропа сөйлейтін түрлі тілдерде Киелі кітаптың жаңа нұсқаларын басып шығара алды.

Ағылшын тілінде аудармалар көбейе келе, сыншылар Киелі кітаптың бір тілде бірнеше нұсқасын шығаруға қарсылық білдіре бастады. Алайда XVIII ғасырда шіркеу қызметкері Джон Льюис былай деп жазды: “Тіл көнеріп, сөздер қолданыстан шығып қалады, сондықтан ескі аудармаларды өңдеп, бүгінгі ұрпақ сөйлейтін түсінікті тілде қайта жазу керек”.

Бүгінгі күні Киелі кітап зерттеушілерінің көне аудармаларды өңдеуге бар жағдайлары бар. Өйткені олар Киелі кітап жазылған көне тілдерді қазір жақсырақ түсінеді. Сондай-ақ қолдарында соңғы кезде табылған Киелі кітаптың ежелгі қолжазбалары бар. Осының бәрі Киелі кітаптың түпнұсқасын тура аударуға көмектеседі.

Киелі кітаптың жаңа аудармалары шынымен де бағалы. Арасында күмән тудыратын аудармалар кездесетіндіктен, сақ болу маңызды. Бірақ аудармашылар Киелі кітапты Құдайға деген зор сүйіспеншілікпен өңдеген болса, олардың еңбегі бізге көп пайда әкеледі.