Мазмұнға өту

Құдай үкімін өзгертуі мүмкін бе?

Құдай үкімін өзгертуі мүмкін бе?

Киелі кітаптың жауабы

 Құдай үкімін өзгертуі мүмкін. Қай мағынада? Адамның жүріс-тұрысы жақсы не жаман жаққа қарай өзгергенде, Құдайдың сол адамға деген көзқарасы да өзгереді. Мысалы, Құдай ежелде өзінің халқына үкімін жариялағанда, былай деген: “Бәлкім, олар тыңдап, әрқайсысы зұлым жолынан қайтар, сонда мен де зұлым істері үшін апат жіберемін деген райымнан қайтамын” (Еремия 26:3).

 Көп Киелі кітап аудармаларында “райымнан қайтамын” деген тіркестің орнына “өкінемін” деген сөзді қолданған. Бірақ бұл “Құдай апат жіберемін деуімен қателік жасаған” деген ой беріп қалады ғой! Алайда түпнұсқа тілде қолданылған сөз “ниетін өзгерту не райынан қайту” дегенді білдіруі мүмкін. Бұған қатысты бір ғалым: “Адамның өз жүріс-тұрысын өзгерткені Құдайдың үкіміне ықпал етеді”,— дейді.

 Әрине, Құдай үкімін өзгертуі мүмкін, бірақ бұл ол үнемі осылай етуге міндетті дегенді білдірмейді. Құдай өз үкімін, яғни шешімдерін өзгертпеген жағдайлар да болған. Мысалы:

  •   Балақ деген кісі қанша тырысқанмен, Құдайды ойынан айныта алмады. Құдай оның Исраил халқына қарғыс айтқызуына жол бермеді (Мұсаның 4-жазбасы 23:18—20).

  •   Саул патша бұрыс жолды таңдап, зұлым болып кеткенде, Құдай одан патшалық билікті тартып аламын деген шешімін өзгерткен жоқ (Самуилдің 1-жазбасы 15:28, 29).

  •   Құдай өзінің рухани Ұлын мәңгілікке діни қызметкер етемін деген уәдесінде берік тұрады. Ол осы райынан қайтпайды (Зәбүр 110:4).

“Құдай еш өзгермейді” делінген емес пе?

 Расында да, Құдай өзі жайлы: “Мен Ехобамын, еш өзгермеймін”,— дейді (Малахи 3:6). Сондай-ақ Киелі кітапта Құдай туралы: “Ол құбылмалы көлеңке іспетті емес, еш өзгермейді”,— деп жазылған (Жақып 1:17). Алайда біз жоғарыда Құдайдың кейде райынан қайтып, үкімдерін өзгертуі мүмкін екенін айттық. Сонда бұл екі ой бір-біріне қайшы келе ме? Жоқ. Құдай өз болмысын өзгертпейді және сүйіспеншілік пен әділдікке қатысты қағидаларынан еш айнымайды. Оның өзгермеймін дегені осы мағынада (Мұсаның 5-жазбасы 32:4; Жоханның 1-хаты 4:8). Әйтсе де ол адамдарға түрлі уақытта түрлі нұсқаулар беруі мүмкін. Мәселен, ежелде өмір сүрген Дәуіт патшамен болған оқиғаны алсақ. Бірінен соң бірі болған екі шайқаста Құдай оған бірінде бір, екіншісінде өзге нұсқау берген. Бірақ екеуінде де ол жеңіске жеткен (Самуилдің 2-жазбасы 5:18—25).

Құдай адамдарды жаратқанына өкіне ме?

 Жоқ. Алайда ол көптеген адамның өзін елемей, тіпті бас тартып кеткеніне қынжылады. Нұх пайғамбардың заманында, Топан су болмай тұрып, адамдар зұлымдыққа белшесінен батып кеткен. Сол кезде “Ехоба өзі жаратқан адамдарға қарап қынжылып, жүрегі ауырды” (Мұсаның 1-жазбасы 6:6) Осы тармақтағы “қынжылу” деп аударылған еврей сөзі “ойын өзгерту” деген мағынаны білдіруі мүмкін. Демек, Құдай Топан су алдында өмір сүрген адамдарға қатысты ойын өзгерткен, себебі олар бұзылып, зұлым болып кеткен (Мұсаның 1-жазбасы 6:5, 11).Олардың бұрыс жолды таңдағанына көңілі түссе де, Құдай күллі адам баласына қатысты көзқарасын өзгерткен жоқ. Ол Нұх пайғамбар мен оның отбасын Топан судан аман алып қалды. Осылайша адамзатты жойылудан сақтап қалды (Мұсаның 1-жазбасы 8:21; Петірдің 2-хаты 2:5, 9).