Мазмұнға өту

Оннан бір бөлік жайында Киелі кітапта не айтылған?

Оннан бір бөлік жайында Киелі кітапта не айтылған?

Киелі кітаптың жауабы

 Ежелгі Исраил халқы шынайы ғибадатты қолдау үшін, “ондық” a немесе жыл сайынғы түсімінің оннан бір бөлігін беру керек болған. Құдай оларға: “Жыл сайын танаптарыңнан жинаған кез келген өнімнің оннан бір бөлігін міндетті түрде беретін болыңдар”,— деген (Мұсаның 5-жазбасы 14:22).

 Құдай ежелгі Исраил халқына берген Мұса заңы бойынша, халықтан оннан бір бөлікті беру талап етілген. Ал мәсіхшілер Мұса заңын ұстанбағандықтан, оннан бір бөлікті беруге міндетті емес (Қолостықтарға 2:13, 14). Қайта, әрбір мәсіхші “жүрек шешіміне қарай, еш қиналмай, зорлықсыз” садақа бере алады, “себебі Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді” (Қорынттықтарға 2-хат 9:7).

 “Көне өсиетте” оннан бір бөлік жайлы не делінген?

 Киелі кітаптың “Көне өсиет” деп аталатын бөлігінде оннан бір бөлік жайлы көп айтылады. Олардың көбісі Мұса пайғамбар арқылы исраилдіктерге берілген заңдар жинағында (Мұса Заңы) кездеседі. Алайда Мұса Заңына дейін де оннан бір бөлік берілген жағдайлар болған.

Мұса Заңы берілгенге дейін

 Ең алғаш оннан бір бөлікті берген Ыбырам (Ыбырайым) болған (Мұсаның 1-жазбасы 14:18—20; Еврейлерге 7:4). Ыбырайым оны Салим қаласының патшасы әрі діни қызметкері Мәліксадыққа тарту ретінде берген. Бұдан кейін оның өзі де, балалары да оннан бір бөлікті бергені жайлы Киелі кітапта ештеңе айтылмайды.

 Оннан бір бөлікті берген екінші адам — Ыбырайымның немересі Жақып. Ол Құдайға серт беріп: “Егер маған жар болсаң,.. маған сыйлағандарыңның бәрінің оннан бір бөлігін өзіңе беремін!”— деген (Мұсаның 1-жазбасы 28:20—22). Кейбір Киелі кітап зерттеушілерінің айтуынша, Жақып малының оннан бір бөлігін берген. Ол сертінде тұрып оннан бір бөлікті бергенімен, отбасына мұндай міндет жүктемеген.

Мұса Заңы берілген уақытта

 Ежелгі Исраил халқы оннан бір бөлікті ғибадатпен байланысты істерді қолдау үшін беру керек болған.

  •   Халықтан жиналған оннан бір бөлік өздерін Құдайға ғибадат етуге толықтай арнаған леуіліктер мен діни қызметкерлерді қамтамасыз етуге жұмсалатын. Өйткені оларға егін егетін жер берілмеген (Мұсаның 4-жазбасы 18:20, 21). Ал діни қызметкер болып қызмет етпейтін леуіліктер халықтан алған оннан бір бөліктің ең жақсы деген “оннан бір бөлігін” діни қызметкерлерге берген (Мұсаның 4-жазбасы 18:26—29).

  •   Бұдан бөлек оннан бір бөліктің тағы бір түрі болған. Оның игілігін леуіліктер де, леуілік еместер де көрген (Мұсаның 5-жазбасы 14:22, 23). Исраил отбасылары бұл бөлікті жыл сайынғы мейрамдармен байланысты шығындарды өтеуге жұмсайтын. Ал белгілі бір жылдары оның игілігін кедей-кепшіктер көретін (Мұсаның 5-жазбасы 14:28, 29; 26:12).

 Оннан бір бөлік қалай есептелген? Исраилдіктер жыл сайын жер өнімінің оннан бір бөлігін беру керек болған (Мұсаның 3-жазбасы 27:30). Егер исраилдік кісі оннан бір бөлікті ақшалай бергісі келсе, үстіне 20 пайыз қосып беру керек еді (Мұсаның 3-жазбасы 27:31). Сондай-ақ исраилдіктер “ірілі-ұсақты... әрбір оныншы малды” беру керек-тін (Мұсаның 3-жазбасы 27:32).

 Исраилдіктер таяғының астынан өткен әрбір оныншы малды оннан бір бөлік ретінде берген. Заң бойынша мұндай малды тексеруге, оны басқа малмен алмастыруға не орнына ақша беруге болмайтын (Мұсаның 3-жазбасы 27:32, 33). Алайда жыл сайынғы мейрамдарға арналған оннан бір бөлікті ақшалай беруге болатын. Осының арқасында мейрам өтетін жерден алыста тұратын исраилдіктерге оннан бір бөлікті өздерімен бірге алып келу оңайырақ болған (Мұсаның 5-жазбасы 14:25, 26).

 Исраилдіктер оннан бір бөлікті қашан берген? Исраил халқы оннан бір бөлікті жыл сайын беріп отырған (Мұсаның 5-жазбасы 14:22). Бірақ әрбір жетінші жылы олар бұл бөлікті бермейтін. Себебі әрбір жетінші жыл Демалыс жылы болған. Сол жылы исраилдіктер егін екпеген (Мұсаның 3-жазбасы 25:4, 5). Сондықтан әрбір жетінші жылы халықтан оннан бір бөлік жиналмаған. Ал жеті жылдық Демалыс жылының әрбір үшінші және алтыншы жылы исраилдіктер оннан бір бөліктің екінші түрін кедей-кепшіктер мен леуіліктерге беріп тұрған (Мұсаның 5-жазбасы 14:28, 29).

 Оннан бір бөлікті бермегендер жазаға тартылған ба? Мұса Заңында оннан бір бөлікті бермегендерге ешқандай жаза қарастырылмаған. Исраилдіктер жазадан қорыққандықтан емес, оннан бір бөлікті беру дұрыс деп есептегендіктен беретін. Олар Құдайдың алдына оннан бір бөлікті алып келгендерін айтып, одан жарылқауын, батасын беруін сұрайтын (Мұсаның 5-жазбасы 26:12—15). Құдайдың көз алдында оннан бір бөлікті бермейтін адам ұрлықшы болған (Малахи 3:8, 9).

 Оннан бір бөлікті беру халыққа ауыртпалық салған ба? Жоқ, салмаған. Егер халық оннан бір бөлікті беретін болса, Құдай оларға көл-көсір етіп батасын төгетінін уәде еткен (Малахи 3:10). Қайта, оннан бір бөлікті бермеген кезде халық қатты жапа шегетін. Мысалы, халық Құдайдың ықыласынан айырылатын. Сондай-ақ діни қызметкерлер мен леуіліктер өздерін асырау үшін жұмыс істеуге мәжбүр болып, қасиетті қызметтерін атқара алмай қалатын (Нехемия 13:10; Малахи 3:7).

 “Жаңа өсиетте” оннан бір бөлік жайлы не делінген?

 Иса пайғамбар жерде өмір сүрген кезде, оннан бір бөлікті беру әлі де талап етілетін. Алайда Иса пайғамбар қайтыс болғаннан кейін бұл заң өз күшін жойды.

Иса пайғамбардың заманында

 “Жаңа өсиеттен” білетініміздей, Иса жерде болған кезде исраилдіктер оннан бір бөлікті әлі де беретін болған. Иса бұның Заң бойынша талап етілетінін білетін. Бірақ ол осы заңды қатты ұстанатын, ал “Мұса Заңындағы әділдік, мейірімділік және адалдық сияқты анағұрлым маңызды нәрселерді елемейтін” дін мұғалімдері мен парызшылдарды айыптаған (Матай 23:23).

Иса пайғамбардың өлімінен кейін

 Исаның өлімінен кейін оннан бір бөлікті берудің қажеті болмады. Себебі Исаның өлімі Мұса Заңының күшін жойды. Сондықтан “түсімнің оннан бір бөлігін жинау” туралы заң да өз күшін жойды (Еврейлерге 7:5, 18; Ефестіктерге 2:13—15; Қолостықтарға 2:13, 14).

a Ондық деген “арнайы мақсатта қолдану үшін берілетін табыстың оннан бір бөлігі... Киелі кітапта айтылған бұл бөлік діни мақсатта жұмсалатын садақа болған” (“Harper’s Bible Dictionary”, 765-б.).