Мазмұнға өту

Эстонияда “зор жетістік” деп табылған аударма

Эстонияда “зор жетістік” деп табылған аударма

Киелі жазбалардың эстон тіліндегі “Жаңа дүние аудармасы” 2014 жылы Эстонияда өткен “Тіл саласындағы жыл жетістігі” жүлдесіне үміткерлікке ұсынылды. Бұл аударма соңғы дауыс беру нәтижесінде 18 үміткердің ішінде 3 орынға ілікті.

2014 жылдың 8 тамызында жарық көрген Киелі кітаптың осы жаңа аудармасын жүлде үміткері ретінде Эстон тілі институтының лингвисі Кристина Росс ұсынған болатын. “Жаңа дүние аудармасын” “оқуға жеңіл әрі қызықты” деп тапқан ол: “Осы аудармаға жұмсалған ерен еңбектің арқасында эстон тілінің аударма саласы анағұрлым шыңдала түсті”,— деді. Ал эстон мәдениеті мен әдебиетінің профессоры Рейн Вейдеманн аталмыш аударманы “зор жетістік” деп атады.

Киелі кітаптың эстон тіліндегі алғашқы толық аудармасы 1739 жылы жарық көрген еді және содан бері басқа да бірқатар аудармалар шыққан болатын. Осы аудармалардың арасында “Жаңа дүние аудармасы” не себепті “зор жетістік” деп табылды?

Тура. 1988 жылы жарық көрген әйгілі эстон Киелі кітабында Құдай есімі Еврей жазбаларының (Тәурат, Зәбүр және Пайғамбарлар жазбалары) 6800-ден астам жерінде орынды түрде “Ехоува” (қазақша “Ехоба”) деп аударылған еді *. Ал “Жаңа дүние аудармасында” бұдан да көп нәрсе жасалды. Бұл аудармада Құдай есімі Мәсіхшілердің грек жазбаларының да (Інжіл) негіз бар болған жерлерінің бәрінде қойылды.

Анық. “Жаңа дүние аудармасы” тура болумен қатар, оқуға жеңіл, жатық болып шықты ма? Томас Паул есімді беделді Киелі кітап аудармашысы “Эсти кирик” (“Эстония шіркеуі”) деген газетке өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, аудармашылар “Жаңа дүние аудармасын” “эстон тіліне жатық етіп аудару мақсатына сөзсіз қол жеткізді” әрі бұл Эстония тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік болды.

Эстон аудармасының пайдасын көріп жатқандар

Эстон тіліндегі “Жаңа дүние аудармасын” жұртшылық ыстық ықыласпен қабыл алды. Мысалы, бір ұлттық радио жаңа Киелі кітапқа арнап 40 минуттық бағдарлама жүргізді. Шіркеуге барушылар да, ондағы дін қызметшілері де Ехоба куәгерлеріне хабарласып, жаңа аударманы алғысы келетіндерін айтты. Сондай-ақ Таллиндегі беделді мектептердің бірі сабақта қолдану мақсатымен “Жаңа дүние аудармасының” 20 данасын сұрады. Кітапты сүйіп оқитын Эстония халқына Ехоба куәгерлері дүниедегі ең керемет кітаптың тура да анық аудармасын ұсынуға қуанышты болды.

^ 5-абзац Тартуск университетінің Жаңа өсиет кафедрасының меңгерушісі Айн Ристан эстон халқында Құдай есімінің дыбысталуы қалай қалыптасқаны жайлы жазып, соңында мынадай тұжырым жасады: “Меніңше, бүгінде “Ехоува” деп айтқан өте орынды болады. Оның шығу тарихына қарамастан, бұл есім... ғасырлар бойы өте маңызды да терең мағынаға ие болып келді. “Ехоува” — өзінің Ұлын адамзат үшін төлем ретінде берген Құдайдың есімі”.