Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | СІЗ ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАЙ АЛАСЫЗ

Өзіңізді Құдайға жақын сезінесіз бе?

Өзіңізді Құдайға жақын сезінесіз бе?

“Құдайға жақын жүрсең, өзіңді қауіпсіз сезінесің, өмірің толыққанды әрі тұрақты болады. Құдайдың саған әрдайым жар болып жатқанын сезесің” (КРИСТОФЕР, ГАНАДАҒЫ ЖАС ЖІГІТ).

“Құдай сенің барлық қайғы-қасіретіңді көріп, сен күткеннен де көп сүйіспеншілігі мен қамқорлығына бөлейді” (13 ЖАСАР ХАННА, АЛЯСКА, АҚШ).

“Өзіңді Құдайға жақын сезіну — жантыныштығын сыйлайтын ең асыл сезім!” (40 ЖАСАР ДЖИНА, ЯМАЙКА)

Әрине, осылай ойлайтындар тек бұл кісілер ғана емес. Жалпақ дүниенің әр бұрышындағы адамдар Құдай өздерін жақсы көретініне сенімді. Ал сіз ше? Өзіңізді Құдайға жақын сезінесіз бе? Оған әлдеқайда жақын болғыңыз келе ме? Бәлкім, сіз таңғалып: “Қарапайым пенделердің Құдіреті шексіз Құдайға жақындауы мүмкін бе? Мүмкін болса, бұл үшін не істеу керек?”— дейтін шығарсыз.

ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАУҒА БОЛАДЫ

Киелі жазбаларда Құдайға жақын болу, онымен жеке қарым-қатынас орнату мүмкін екендігі айтылған. Мысалы, Киелі кітапта Құдай Ыбырайым пайғамбарды “досым” деп атаған (Ишая 41:8 сілтемені қараңыз). Сондай-ақ Жақып 4:8-дегі жүрекке жылы тиетін келесідей шақыруға назар аударыңызшы, онда: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”— делінген. Демек, Құдайға жақын болу, яғни онымен дос болу әбден мүмкін. Бірақ Құдай көзге көрінбейді, онда қалайша оған “жақындап”, дос бола аламыз?

Бұл сұраққа жауап беру үшін, адамдар арасындағы достықтың қалай дамитынын мысалға алайық. Әдетте, достық екі адамның бір-бірімен танысуынан басталады. Сосын, екеуі жиі араласып, ойларымен, ішкі сезімдерімен бөлісе бастайды. Осының арқасында достықтары нығая түседі. Екеуі де бір-біріне ұнайтын нәрселерді жасауға тырысқанда, достықтары одан сайын берік болады. Құдаймен достық қарым-қатынас та осыған ұқсас дамиды. Бұл жайлы келесі мақалалардан оқып көріңіз.