Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ол Қаяпа әулетінің мүшесі болған

Ол Қаяпа әулетінің мүшесі болған

Кейде археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған заттар тікелей не жанама түрде Киелі кітап кейіпкерлерінің шын мәнінде өмір сүргенін дәлелдеп жатады. Мысалы, 2011 жылы Исраилдегі ғалымдар осындай зат туралы мәлімдеді. Бұл — оссуарий, яғни ішінде мәйіттің сүйектері бар әктастан жасалып, сәнделген сандық. Бұл оссуарийға 2000 жыл болған еді.

Осы оссуарийда келесідей жазу болды: “Қаяпаның ұлы Йешуаның — Бет-Имридан шыққан Мағазиях діни қызметкерінің — қызы Мириам”. Исаны соттап, өлімге кесуге қатысқан яһудилердің бас діни қызметкері Қаяпа еді (Жох. 11:48—50). Тарихшы Иосиф Флавий ол туралы “Қаяпа деп те аталған Жүсіп” деп жазған. Әлгі оссуарий оның туысқандарының бірінікі болса керек. Ал осыдан бұрынырақ табылған бас діни қызметкердің оссуарийында “Иехосеф бар Каиафа”, яғни Қаяпаның ұлы Жүсіп * деп жазылғанын ескерсек, Мириам Қаяпаның туысқаны болған деген тұжырым жасауға болады.

Исраилдегі көне заттарды қорғайтын ұйымның (“Israel Antiquities Authority”) мәлімдеуі бойынша, Мириамның оссуарийі ежелгі қабірді тонап кеткен ұрылардан тәркіленген. Осы оссуарийді және ондағы жазбаны зерттеу жұмыстарының арқасында оның шынайы екені дәлелденді.

Сонымен қатар бұл оссуарий бізге жаңа бір жайтты ашты. Ондағы жазуда Мағазиях туралы айтылып кеткен. Мағазиях — Иерусалимдегі ғибадатханада алма-кезек қызмет еткен 24 діни қызметкерлер тобының соңғысы (Шеж. 1-ж. 24:18). Оссуарийдегі жазу “Қаяпаның отбасы Мағазияхтың тобына жатқанын көрсетеді” деп тұжырымдады аталмыш ұйым.

Оссуарийдегі жазуда Бет-Имри туралы да айтылып кеткен. Осыған қатысты екі болжам бар. “Біріншісі, Бет-Имри бұл діни қызметкерлер отбасының — Имер ұлдарының — аты болуы мүмкін (Езра 2:36, 37; Нех. 7:39—42). Имердің ұрпақтарының арасында Мағазиях тобының мүшелері болған”,— дейді әлгі ұйым. “Екіншісі, [Бет-Имри бұл] марқұмның не оның бүкіл отбасының шыққан жері болуы мүмкін”. Қалай болған күнде де, Мириамның оссуарийі Киелі кітапта аталған адамдардың шын мәнінде өмір сүргенін және шын мәнінде болған отбасылардың мүшелері болғанын айқын дәлелдейді.

^ абзац 3 Қаяпаның оссуарийі туралы 2006 жылғы “Күзет мұнарасының” (ор.) 15 қаңтар айындағы санының 10—13 беттеріндегі “Исаны өлімге кескен бас діни қызметкер” деп аталатын мақаланы қара.