Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Олар дайындық рухын танытты. Норвегия

Олар дайындық рухын танытты. Норвегия

ОСЫДАН бірнеше жыл бұрын жастары 50-ге таяған Роалд пен Эльсабет есімді ерлі-зайыпты Норвегияның Берген деген екінші үлкен қаласында жайлы өмір кешіп жатқан еді. Олар қыздары Исабель мен ұлдары Фабианмен бірге сол жердегі қауымда қызметтерін адалдықпен атқарып жүрді. Роалд ақсақал, Эльсабет ізашар, ал балалары жариялаушы болатын.

Алайда олар өмірлеріне өзгеріс енгізгілері келгендіктен 2009 жылдың қыркүйек айында шалғай жатқан аумақта бір апта қызмет етуді шешті. Содан Роалд, Эльсабет және 18 жасар Фабиан Солтүстік поляр шеңберінен жоғары орналасқан Финнмарк губерниясындағы Нордкин түбегіне жол тартты. Сол жердегі Хьеллефьорд ауылында олар уағыздау мақсатымен келген өзге де бауырластармен қызметтес болды. Роалд сол күндерді есіне алып, былай дейді: “Басында мен барлық тірліктерімді жайластырып, бүкіл апта бойы алаңсыз қызмет ете алатыныма қатты қуанған едім”. Алайда аптаның соңына қарай әлдебір ойлар Роалдтың тынышын қашыра бастады. Ол нені ойлап мазаланды екен?

ТОСЫН СҰРАҚ

Роалд былай дейді: “Финнмаркта қызмет ететін Марио есімді ізашар бізге күтпеген жерден ұсыныс айтты. Ол бізден Лаксэльв қаласына көшіп, сол жердегі 23 жариялаушысы бар қауымға көмектесуге қалай қарайтынымызды сұрады”. Сонда Роалд тосылып қалды. Мұның себебін ол былай деп түсіндірді: “Эльсабет екеуіміз қажеттілік бар жерде қызмет еткіміз-ақ келетін, бірақ балаларымыз есейіп, өздерімен өздері болғанша күте тұруды жөн көрген едік”. Роалд осы шалғай аймақта бірнеше күн ғана қызмет еткеннің өзінде жергілікті тұрғындардың Ехоба жайлы білуді қалайтынын анық көре алды. Бұл адамдар көмекті кейін емес, қазір қажет ететін. “Мені ар-ұжданым мазалап, бірнеше күн дұрыс ұйықтай алмай жүрдім”,— дейді Роалд. Марио бауырлас Роалдтың отбасын Хьеллефьордтың оңтүстігінде 240 шақырымдай қашықтықта орналасқан Лаксэльв қаласына алып барды. Ол бұл отбасының сол кішігірім қауымды өз көздерімен көргенін қалаған еді.

Лаксэльвтегі қауымда қызмет ететін екі ақсақалдың бірі Андрэас қонақтарға қаланы және Патшалық сарайын көрсетті. Қауымдағылар оларды құшақ жая қарсы алып, уағыздау ісіне көмек беру үшін бүкіл отбасыларымен көшіп келсе, қатты қуанатындарын айтты. Тіпті Андрэас Роалд пен Фабианға жұмыс та тауып қойған екен! Қонақтар енді не істемек?

ШЕШІМ

Алғашында Фабиан: “Менің онда көшкім келмейді”,— деген еді. Ол қауымдағы бала кезіндегі достарын қалдырып, кішкентай қалада тұрғысы келмеді. Оның үстіне, электрик мамандығына оқып жүрген ол оқуын қалай тастап кетпек? Алайда 21 жастағы Исабельден көшу жайлы не ойлайтынын сұрағанда, ол: “Менің баяғыдан бері ойлап жүргенім осы ғой!”— деп қуанып кетті. Бірақ кейіннен ол былай деді: “Бұл жайлы көбірек ойланған сайын, “Осылай еткенім дұрыс па? Достарымды сағынып жүрмеймін бе? Өзімнің үйреніп қалған қауымымда еш алаңсыз жүре берсем қайтеді?” деген ойлар келе бастады”. Ал Эльсабет көшу жайлы ұсынысқа қалай қарады? “Маған бұл Ехобаның отбасымызға берген тапсырмасы сияқты көрінді, бірақ жақында ғана жөнделген үйіміз бен 25 жыл бойы жиған-тергендеріміз мені артқа тартып тұрды”,— дейді ол.

Эльсабет пен Исабель

Бір апталық сапарлары аяқталған соң, Роалд отбасымен бірге Бергенге қайтты. Алайда 2100 шақырым қашықтықта орналасқан Лаксэльв қаласындағы бауырластар олардың ойларынан шықпай қойды. “Мен Ехобаға үзбей дұға айттым,— дейді Эльсабет.— Сондай-ақ біз сол қаладағы достарымызбен қатынасымызды үзбедік. Біз бір-бірімізге суреттер жіберіп, қызықты оқиғалармен бөлісіп тұрдық”. Роалд былай дейді: “Өзімді дайындау үшін маған біраз уақыт қажет еді. Сондай-ақ қаржы жағын да ойластыру керек болды. Ол жерде қалай күн көрмекпіз? Мен Ехобаға үздіксіз дұға еттім, сондай-ақ отбасыммен және тәжірибесі бар бауырластармен ақылдастым”. Фабиан былай деп еске алады: “Бұл жайлы көп ойланған сайын, бас тартуыма келелі себептің жоқ екенін түсіндім. Ехобаға жиі дұға айтқандықтан, көшуге деген ықыласым да бірте-бірте күшейе берді”. Ал Исабель ше? Ол өзін көшуге дайындау үшін ізашарлық қызметті өзінің тұрып жатқан қаласында бастады. Алты ай бойы ізашар ретінде қызмет етіп, жеке зерттеуге көп күш салғаннан кейін, Исабель үлкен өзгеріс жасауға өзін дайын сезінді.

МАҚСАТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ

Қажеттілік бар жерде қызмет етуге деген ықыластары арта түскен бұл отбасы мақсаттарына қол жеткізу үшін қам жасай бастады. Роалдтың жұмысы өзіне ұнайтын әрі жалақысы да жоғары еді, бірақ ол бір жылға жұмыстан кетуге өтініш білдірді. Алайда оның бастығы екі апта істеп, сегіз апта демалуды ұсынды. “Менің жалақым әжептеуір азайды, бірақ бізге жетеді”,— дейді Роалд.

Эльсабет былай деп қосты: “Күйеуім менен Лаксэльвтен үй тауып, ал Бергендегі үйімізді жалға беруді өтінді. Бұған көп уақыт пен күш кетсе де, ақырында бәрі ойдағыдай болды. Балаларымыз да көп уақыт алмайтын жұмыс тауып, тамақ пен жолдың шығындарын жабуға көмектесетін болды”.

Исабель былай дейді: “Біз көшіп келген қала кішкентай болғандықтан, мен үшін ең қиыны ізашарлығымды атқаруға мүмкіндік беретін жұмыс табу еді. Кейде мұндай жұмыс табу мүмкін еместей көрінетін”. Десе де кез келген кішігірім жұмыстан бас тартпаған Исабель бір жылдың ішінде тоғыз түрлі жұмыс істеп, күнделікті шығындарын жаба алды. Ал Фабиан жайлы не деуге болады? “Оқуымды аяқтамас бұрын, мен шебердің көмекшісі ретінде  жұмыс істеп, іс-тәжірибеден өтуім керек еді. Лаксэльвте менің бұған мүмкіндігім болды. Кейіннен емтихан тапсырып, электрик мамандығы бойынша көп уақыт алмайтын жұмысқа тұрдым”.

ҚЫЗМЕТ АЯСЫН КЕҢЕЙТКЕНДЕР

Марелиас пен Кесия Норвегиядағы саами әйелге уағыздап тұр

Марелиас пен әйелі Кесия да көбірек жариялаушылар қажет жерде қызмет еткісі келді. 29 жасар Марелиас былай дейді: “Конгрестегі ізашарлық қызмет жайлы баяндамалар мен сұхбаттар мені қызмет аясын кеңейту жайлы ойлануға талпындырды”. Алайда 26 жасар Кесияға туыстарын тастап кету қиын болып көрінді. “Мен туыстарымнан алыста жүре алмаймын деп ойлайтынмын. Тіпті бұл жайлы ойлағанда қорқып кететінмін”,— дейді ол. Оның үстіне, Марелиас несиеге алған үйдің ақшасын төлеу үшін толық уақыт жұмыс істейтін. Ол былай дейді: “Өзгерістер жасауға көмектесуін сұрап, Ехобаға ұдайы дұға айтқанның арқасында біз батыл қадам жасай алдық”. Ең алдымен, олар Киелі кітап зерттеуге көбірек уақыт бөлген еді. Сосын жұбайлар үйлерін сатып, жұмыстарынан шығып, 2011 жылдың тамыз айында Норвегияның солтүстігіндегі Алта қаласына көшіп барды. Сол жерде ізашарлық қызметтерін атқара жүріп, Марелиас есепші болып, ал Кесия дүкенде жұмыс істей бастады.

Жастары 35 шамасындағы Кнут пен Лисбет есімді жұбайларға “Жылнамадағы” қажеттілік бар жерде қызмет етіп жатқандар туралы оқиғалар қатты әсер етті. “Бұл оқиғалар бізді басқа елде қызмет ету жайлы ойлануға талпындырды,— дейді Лисбет.— Алайда бұл мен сияқты қарапайым адамдардың қолынан келмейтін шығар деп ойлайтынмын”. Десе де жұбайлар басқа елде қызмет етуді мақсат етіп, соған қол жеткізу үшін қам жасады. Кнут былай дейді: “Біз пәтерімізді сатып, ақшасын сақтап қойдық. Ал өзіміз анамның үйіне көшіп бардық. Кейін шет тілді аймақта қызмет етудің дәмін тату үшін Бергендегі Лисбеттің анасының үйінде тұрып, ағылшын тіліндегі қауымда бір жыл бойы қызмет еттік”. Көп ұзамай Кнут пен Лисбет басқа елге, сонау Угандаға, көшіп баруға өздерін дайын сезінді. Олар Норвегияға жылына екі ай жұмыс істеуге барып тұрады. Осының арқасында олар жылдың қалған айларында ақшадан қысылмай, Угандада толық уақыт қызмет етіп жүр.

“ДӘМІН ТАТЫҢДАР ДА, ЕХОБАНЫҢ ІЗГІЛІГІНЕ КӨЗ ЖЕТКІЗІҢДЕР”

“Біз бір-бірімізге жақындай түстік” (Роалд)

Жоғарыда аталған құлшынысты қызметшілердің жағдайы қалай екен? Роалд былай дейді: “Берген қаласында жүрген кезімізге қарағанда осы шалғай аймақта біз отбасымызбен бірге әлдеқайда көп уақыт өткізіп жүрміз. Осының арқасында бір-бірімізге жақындай түстік. Балаларымыздың рухани өскенін көру — біз үшін зор бата”. Сосын былай деп қосты: “Материалдық заттарға деген көзқарасымыз қарапайым бола түсті. Олар біз ойлағандай соншалықты маңызды емес екен”.

Эльсабет басқа тілді үйренуі қажет екенін түсінді. Бұған не түрткі болды? Лаксэльв қауымының аумағына саами халқы тұратын жердің орталығындағы Карасйок деген ауыл да кіреді екен. Саами — Норвегия, Швеция, Финляндия және  Ресейдің солтүстігінде тұратын жергілікті халықтың атауы. Ізгі хабарды осы адамдардың жүрегіне жеткізу үшін Эльсабет саами тілін үйрене бастады. Қазір ол осы тілде қарапайым әңгімелер жүргізе алады. Оған осы жаңа аумақта қызмет еткен ұнай ма? Ол жүзі жайнап былай дейді: “Мен алты Киелі кітап зерттеу сабағын өткіземін. Басқа қай жерде осылай қызмет ете алар едім?!”

Қазір ізашар және қызмет көмекшісі болып қызмет ететін Фабиан Исабельмен бірге жаңа қауымдағы үш жасөспірімге рухани көмек көрсеткендері жайлы айтып берді. Олардың үшеуі де қызметке және қауымның істеріне белсене атсалысатын болды. Екеуі шомылдыру рәсімінен өтіп, 2012 жылдың наурыз айында қосалқы ізашар болып қызмет етті. Жасөспірімдердің бірі шындық жолынан ауытқып кетуге шақ қалған еді. Ол Фабиан мен Исабельге сенімін нығайтуға көмектескендері үшін ризашылығын білдірді. Фабиан былай дейді: “Оның айтқандары маған қатты әсер етті. Біреуге көмек көрсету неткен бақыт!” Исабель былай дейді: “Осы жерде қызмет еткеннің арқасында мен шын мәнінде “Дәмін татып, Ехобаның ізгілігіне көз жеткіздім” (Заб. 34:8 ЖД). Сосын ол былай деп қосты: “Оның үстіне, осында қызмет еткен өте қызық екен!”

Ал Марелиас пен Кесияның тұрмысы қазір анағұрлым қарапайым, алайда өмірлері бұрынғыдан да байи түсті. Олар көшіп барған Алта қаласындағы қауымда бүгінде 41 жариялаушы бар. Марелиас былай дейді: “Артқа қарап, өміріміздің қаншалықты өзгергенін көргенде, жігерленіп қаламыз. Осы аумақта ізашар болып қызмет ете алатынымыз үшін Ехобаға мың да бір рақмет айтамыз. Басқа еш нәрсе осыншалықты зор қанағат әкелмес еді”. Кесия былай деп қосты: “Мен Ехобаға толығымен арқа сүйеуді үйрендім, ал ол бізді ешқашан тастаған емес. Сондай-ақ туыстарымнан алыста жүргенімнің арқасында олармен бірге өткізген сәттерді бұрынғыдан да қатты бағалайтын болдым. Осындай шешім қабылдағанымыз үшін мен ешқашан өкінген емеспін”.

Кнут пен Лисбет Угандадағы бір отбасымен зерттеу сабағын өткізіп жатыр

Угандада қызмет етіп жүрген Кнут пен Лисбеттің жағдайы қалай екен? Кнут былай дейді: “Жаңа жерге, жаңа мәдениетке үйрену үшін бізге біраз уақыт қажет болды. Су, жарық, іш ауруы сияқты қиындықтардың кейде болып тұратыны рас, бірақ біз мұнда Киелі кітап зерттеу сабағының қаншасын өткізгіміз келсе, соншасын өткізе аламыз!” Лисбет былай дейді: “Біз тұратын ауылдан жарты-ақ сағаттық жерде ізгі хабар ешқашан айтылмаған аумақтар бар. Алайда біз сол жерлерге барғанда, Киелі кітапты оқып жүрген және өздеріне тәлім беруді өтінген адамдарды кездестіреміз. Осындай кішіпейіл адамдарға Киелі кітаптағы хабарды жеткізуден келетін қуанышқа ештеңе де тең келмейді!”

Кезінде өзі бастау берген уағыз ісінің жердің түкпір-түкпіріне дейін уағыздалып жатқанын көру көшбасшымыз Иса Мәсіхке зор қуаныш әкеліп жатқан болса керек! Иә, дайындық рухын танытып, Исаның “барлық халықтардан шәкірт дайындаңдар” деген нұсқауын орындау Құдай қызметшілерінің бәріне де зор қуаныш сыйлайтыны сөзсіз (Мат. 28:19, 20).