Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Аурудың алдын алыңыз

Аурудың алдын алыңыз

Біздің ағзамыз көзге көрінбей, байқатпай келетін жаумен үздіксіз күрес жүргізеді. Бактерия, паразит я вирус деп аталатын бұл дұшпан денсаулығымызды мұқалтып, тіпті өлімге себеп болуы мүмкін *. Бірақ біз көп жағдайда ағзамызда күрес жүріп жатқанын біле бермейміз. Өйткені аурудың белгілері пайда болмас бұрын, иммундық жүйеміз сырттан келген жаудың басым бөлігіне қарсы тұрады я оларды жойып тастайды. Бірақ кейде қауіпті микроағзалар зиянын тигізбей қоймайды. Мұндайда ағзаның қорғаныс күшін нығайту үшін дәрі-дәрмекке я басқа ем-шараларға жүгінуге тура келеді.

Ғасырлар бойы адамдар көзге көрінбейтін зиянды ағзалар жайында бейхабар болып келді. Бірақ ХІХ ғасырда ғалымдар микроағзалардың аурумен байланысы бар екенін растағанда, медицина саласында бір үлкен бетбұрыс болды. Сол уақыттан бері медицина мамандарының шешек (оспа) пен полиомиелит сияқты жұқпалы аурулардың я алдын алуға, я оларды түптамырымен жоюға мүмкіндіктері болды. Бірақ жуырда сары қызба және денге қызбасы сияқты кейбір аурулар қайтадан бой көтерді. Бұған келесідей жайттар себеп болды:

  • Жыл сайын шетелге саяхаттаған миллиондаған адам ауру тудыратын ағзаларды әр жерге тасымалдайды. Бір беделді журналдағы мәліметке сай, “жұқпалы әрі қатерлі инфекциялардың барлығы дерлік” саяхаттап жүрген адамдар арқылы тарауы мүмкін (“Clinical Infectious Diseases”).

  • Бүгінде антибиотиктер кейбір бактерияларға әсер етпейтін болған. “Адамзат бактериялардың антибиотикке төзімді келетін заманына бағыт алды. Ол кезде қарапайым инфекциялар... қайтадан адамды өлтіре алатын күшке ие болуы мүмкін”,— деп мәлімдеді Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы.

  • Қоғамда орын алған тұрақсыздық пен кедейшілік үкіметтің індетті жоюға бағытталған шараларына жиі тосқауыл болады.

  • Көп адам аурудың алдын алу шараларын білмейді.

Сіз көңілді алаңдатарлық осы жайттарға қарамай өзіңізді де, отбасыңызды да қорғай аласыз. Тіпті дамушы елдердің бірінде тұрсақ та, қарапайым да тиімді сақтық шараларын жасау бәріміздің қолымыздан келеді. Бұл турасында келесі мақалада сөз қозғалады.

^ 3-абзац Микробтардың көбісі ауру тудырмайды. Бұл мақалаларда денсаулыққа зиян келтіретін микроағзалар сөз етіледі.