Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СҰХБАТ | РАДЖЕШ КАЛАРИЯ

Миды зерттейтін ғалым өз сенімі жайлы сөз етеді

Миды зерттейтін ғалым өз сенімі жайлы сөз етеді

АНГЛИЯДАҒЫ Ньюкасл университетінің профессоры Раджеш Калария адам миын 40 жылдан астам уақыт бойы зерттеп келеді. Бұрын ол эволюцияға сенген. Бірақ кейін ойын өзгертті. “Ояныңдар!” журналының тілшісі одан жұмысы мен сенімі жайлы сұхбат алды.

Отбасыңыз қандай дінді ұстанғанын айтып беріңізші.

Әкем Үндістанда дүние келген. Ал анам өзі үнді болғанымен, Үндістанда емес, Угандада туылған. Олар индуизм дінінің әдет-ғұрпын өте қатты ұстанатын. Мен үйдегі үш ұлдың ортаншысымын. Біз Кенияның Найроби қаласында тұрдық. Жанымызда басқа да көптеген үнді отбасылары тұратын.

Ғылымға деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

Қашанда жануарларға қызығатынмын. Жабайы табиғатты тамашалау үшін достарыммен бірге жиі саяхатқа шығатынмын. О баста мен мал дәрігері болуды қаладым. Бірақ Найробидегі техникалық колледжді бітірген соң, Англиядағы Лондон университетінің патология факультетіне түстім. Кейін адам миын зерттеуде шыңдала түстім.

Жүргізген зерттеулеріңіз діни көзқарасыңызға әсер етті ме?

Әлбетте. Ғылымға шомған сайын, индуизм аңыздары мен әдет-ғұрыптарының, мысалға, жануарлар мен мүсіндерге табынудың дұрыстығына күмәндана бастадым.

Эволюция теориясына неге сендіңіз?

Мектепте оқыған кезімде айналамдағылардың көбісі адам эволюциясы Африкада бастау алды деген ойда болды. Оқушылар арасында бұл қызу талқыланатын тақырып еді. Сондай-ақ мұғалімдер мен университеттегі профессорлар студенттерге беделді ғалымдардың бәрі эволюцияға сенеді деп айтатын.

Кейіннен тіршіліктің бастауына қатысты ойыңызды өзгертіпсіз. Бұған не себеп болды?

Бұл биология мен анатомияны оқып жүргеніме біраз жыл болған кез еді. Бір курстасым Ехоба куәгерлерінен Киелі кітап туралы не біліп жатқанын айтып берді. Бұл мені қызықтырып жіберді. Содан Куәгерлер Найробидегі біздің колледж залында конгресс өткізгенде, мен де қатыстым. Кейінірек екі Куәгер маған Киелі кітаптың неге үйрететінін түсіндіріп берді. Олардың Ұлы Жаратушыға сенетіндері және сол Жаратушының өмірлік маңызы бар сұрақтарға жауап бере алатыны ақылға қонымды болып көрінді. Бұл мен естіп өскен аңыздарға ұқсамады.

Медицинада алған біліміңіз тіршілікті Құдай жаратқанына сенуге кедергі болған жоқ па?

Жоқ, қайта анатомияны зерттеген сайын тіршілік иелерінің керемет ойластырылғанын, күрделі жаратылғанын ұқтым. Күрделілігі өте жоғары бұндай туындыларды кездейсоқ пайда болды деу бұдан былай ақылыма сыймады.

Мысал келтіріп кетесіз бе?

1970 жылдардың басында адам миын зерттей бастадым. Сол уақыттан бері мидың құрылысы мені таң-тамаша қалдырып келеді. Адам миы — ойлар мен естеліктер жиналған, дененің сан алуан қызметін басқаратын орталық. Сондай-ақ ол ішкі мүшелерден және сырттан түскен ақпаратты қорытып, түрлі сезімдерге бастау береді.

Күрделі химиялық процестер мен шым-шытыр нейрондар желісінің (мидың негізгі жасушалары) арқасында ми орасан зор қызмет атқарады. Мида миллиардтаған нейрон болады. Олар бір-бірімен аксон деп аталатын ұзын өсінділермен байланысады. Нейронның дендрит деп аталатын тармақталған өсінділері де бар. Осылар арқылы бір нейронның өзі басқа мыңдаған нейронмен байланыс құра алады. Нәтижесінде, мида есебіне сан жетпес байланыс құрылады! Ал ең қызығы, әлгі қаптаған нейрон мен дендриттер бейберекет емес, белгілі бір тәртіппен шоғырланады. Бұл — осындай “тоқ желілері” үшін керемет ерлік!

Түсіндіріп жіберіңізші.

Мұндай желілер баланың құрсақта жатқанында және туылғаннан кейін де ең үздік тәртіппен дамиды. Нейрондар бірнеше сантиметр (жасушалар үшін бұл өте үлкен қашықтық) алыста жатқан нысана — басты нейронға өсінділерін жібереді. Өсінділер үшін бұл жалпы жасушаға емес, тіпті жасушаның нақты бір бөлігіне дәл жетуді білдіруі мүмкін.

Нейроннан тармақталған жаңа өсінді жолда “Тоқта!”, “Жүр!”, “Бұрыл!” деген сияқты химиялық белгілерге сай қозғалып, соңында нысанаға жетеді. Ал нұсқаулар анық берілмесе, жаңа өсінділер адасып кетеді. Егер осы процестердің барлығын оркестр деп алсақ, оркестр дирижёрге, яғни мидың жетекшілігіне бағынады. Ал енді дамып келе жатқан ұрықта ДНҚ жетекшілік етеді.

Мидың дамуы мен қызметін, естеліктерді, сезімдер мен ойларды қалай түзетінін біз әлі де түсінбейміз. Мидың қаншалықты мықты жұмыс істейтінін, өте әдемі дамитынын қоя бергенде, мен үшін оның жай істеп тұрғанының өзі бір керемет! Мұның артында бізден анағұрлым ақылды тұлға тұрғаны айқын.

Неге Ехоба куәгері болуды шештіңіз?

Куәгерлер маған Киелі кітап Жаратушының Сөзі екенін дәлелдеп берді. Мәселен, Киелі кітап ғылыми еңбек болмаса да, онда жазылғандар ғылыми тұрғыдан тура. Ондағы пайғамбарлықтар дәлме-дәл орындалған. Ал Киелі кітаптың өсиетіне құлақ асқандар өмірлерін жақсарта алады. Менің өмірім бұған дәлел. 1973 жылы Ехоба куәгері болған кезімнен бастап Киелі кітап менің жетекшім болып келеді. Соның арқасында өмірім мақсат-мағынаға толды.