Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Әлдеқайда қымбатсыңдар!” (МАТАЙ 10:31)

Құдай сізге көз қырын сала ма?

Құдай сізге көз қырын сала ма?

ЖАРАТЫЛЫСТАРДАН БІЛЕРІМІЗ

Шыр етіп дүниеге келген нәресте үшін өмірінің алғашқы 60 минуты шешуші сәт болып табылады. Осы уақытта анасына ерекше жақын болғаны сәбидің өсіп-жетілуіне айтарлықтай ықпал етеді *.

Ананың өз перзентіне жылулық пен қамқорлық танытуына не қозғау салады? Профессор Джанет Креншоудың айтуынша, босанғаннан кейін сәбиін құшағына алып, аймалап, емізгенде ананың бойында өте көп мөлшерде окситоцин гормоны бөлінеді. Бұл оның аналық сезімін күшейтеді. Ал тағы бір гормонның әсерінен ана сәбиіне бауыр басып, оған ынтық бола түседі. Бұны білу неге маңызды?

Анаға сәбиіне деген зор махаббат сыйлаған — Жаратушымыз Ехоба *. Дәуіт пайғамбар Құдайға: “Сен мені ана құрсағынан алып шығып едің, Бауырында жатқанымда қауіпсіздік сыйлап едің. Туыла сала сенің қамқорыңа берілдім, Ана құрсағында жатқаннан-ақ менің Құдайым едің”,— деген (Зәбүр 22:9, 10).

ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗ. Сәбиіне қамқорлық көрсетсін деп ананың бойындағы гормондық жүйені ойластырған Құдай біздің де қамымызды ойлайды деу қисынды емес пе?!

КИЕЛІ КІТАПТАН БІЛЕРІМІЗ

Жаратушыны қай-қайсысымыздан да жақсы білетін Иса пайғамбар былай деген: “Екі торғай бір тиынға сатылады емес пе? Десе де олардың бірде-біреуінің құлағаны көктегі Әкелеріңнің назарынан тыс қалмайды. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да оған белгілі! Сондықтан қорықпаңдар, сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Матай 10:29—31).

Көпшілігіміз әрбір кішкентай құсқа мән бере бермейміз. Қайсысының жерге құлап жатқанын тіптен байқамаймыз да. Ал көктегі Жаратушымыз олардың бірде-біреуін назарынан тыс қалдырмайды. Бірақ Құдай үшін адамдар құстардан әлдеқайда бағалы. Сондықтан Құдай бізге көз қырын салмайды деп қорықпауымыз керек. Қайта, ол жағдайымыз үшін қатты қам жейді!

Құдай жағдайымызды ойлап, бізді сүйсіне бақылап отырады

Киелі кітаптың айтары...

  • “Ехобаның назары барлық жерде, Жақсы мен жаман да оның көз алдында” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 15:3).

  • “Ехобаның көзі әділдерде, Құлағы көмек сұрап жалбарынған үндерінде” (ЗӘБҮР 34:15).

  • “Айнымас сүйіспеншілігіңе қатты қуанамын, Өйткені сен менің қасіретімді байқадың, Жанымның азабына назар аудардың” (ЗӘБҮР 31:7).

“ҚҰДАЙ МЕНІ ЖАҚСЫ КӨРМЕЙДІ ДЕП ОЙЛАДЫМ”

Құдайдың жағдайымызды ойлап, бізді сүйсіне бақылап отыратынын білгеніміз өмірімізге айтарлықтай әсер ете ала ма? Мұны Англияда тұратын Сараның * жағдайынан көруге болады.

“Мен көп уақыт бойы Құдай мені жақсы көрмейді, дұғаларыма мүлдем жауап бермейді деп ойладым. Бұл сенімімнің аздығынан шығар дедім. Әлде бұл Құдайдың жазасы не мені маңызсыз санағанынан деп ойладым. Менімен не болып жатқаны оған бәрібір сияқты көрінді”,— дейді Сара.

Көп ұзамай Сара бұл сезімдерінен арылды. Оған пікірін өзгертуге не көмектесті? Ол былай дейді: “Менің көзқарасым жай-жайлап өзгерді. Көп жыл бұрын Исаның біз үшін өмірін қиғаны жайлы естідім. Бұл маған қатты әсер етіп, Ехоба Құдайдың мені шынымен жақсы көретінін түсіндім. Ал дұғаларыма жауап берген кезінде, мені жақсы көретініне көзім жете түсіп, жылап жіберетінмін. Киелі кітапты зерттеп, қауым кездесулеріне барғанның арқасында Ехобаны, оның қасиеттерін және бізге қалай қарайтынын жақсырақ түсіндім. Қазір мен Ехобаның көмегін, оның бізді жақсы көретінін және әрбірімізді бар ықыласымен бақылап отыратынын анық сеземін”.

Сараның сөздері бізге жұбаныш береді. Бірақ Құдайдың жағдайымызды түсінетініне қалай сенімді бола аламыз? Бұл жайлы келесі мақаладан білетін боламыз.

^ 3-абзац Кейбір аналар босанудан кейінгі депрессияға шалдыққандықтан, сәбилеріне жақын болмауы мүмкін. Бірақ бұл үшін олар өздерін кінәламау керек. АҚШ-тағы Ұлттық Психикалық Денсаулық Институтының мәлімдеуінше, бұндай депрессия “физикалық не эмоциялық факторлардың салдарынан туындауы мүмкін... Бұл ананың бір нәрсе істегеніне не істемегеніне байланысты емес”. Осыған қатысты көбірек мәлімет алу үшін “Босанғаннан кейінгі жан күйзелісін анықтау” (ор.) деген мақаланы қараңыз (“Ояныңдар!”, 2003 жыл, 8 маусым).

^ 5-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі (Зәбүр 83:18).

^ 15-абзац Осы және келесі мақалаларда кейбір есімдер өзгертілген.