Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Хулданың өз мақсатына жетуі

Хулданың өз мақсатына жетуі

ИНДОНЕЗИЯНЫҢ кішкентай Сангир аралында біздің үш әйел бауырласымыз тұрады. Бірнеше жыл бұрын теңіздің жағасында олар бірлесіп жұмыс істеді. Қандай?

Индонезияның солтүстігіндегі Сангир аралы

Алдымен, олар судан ауыр-ауыр тастарды тауып, жағаға шығаратын. Ол тастардың үлкендігі әртүрлі, кейбірі тіпті доптың көлеміндей. Кейін бауырластар ағаш орындықтарға отырып алып, сол тастарды балғамен ұсақтап шағатын. Оны шелекке салатын да, баспалдақпен көтеріліп, жағажайдан үйлеріне дейін таситын. Сосын оны үлкен қаптарға салып қоятын. Соңында бұл тастарды жүк көлігі алып кетіп, жол төсеуге қолданатын.

Жағада тас жинап жүрген Хулда бауырлас

Осы үш бауырластың біреуінің есімі — Хулда. Хулданың қасындағыларға қарағанда көбірек жұмыс істеуге мүмкіндігі болды. Әдетте ол тапқан бар ақшасын отбасының қажетіне жұмсайтын. Бірақ бұл жолы ол сәл көбірек ақша жинап, планшет сатып алғысы келді. Планшет оған JW Library® қосымшасын жүктеп алу үшін керек еді. Өйткені ол ондағы видеолар мен басқа да әдебиеттердің көмегімен одан да сапалы уағыздай алатын әрі Киелі кітапты да терең түсіне алатын.

Ол бір жарым ай бойы күнде таңертең қосымша екі сағат жұмыс істеп, кішігірім жүк көлігі толатындай тас жинады. Сөйтіп, жетерліктей ақша жинап, планшет сатып алды.

Планшетін ұстап тұрған Хулда

“Тас шаға бергеннен әбден шаршап, аяқ-қолым талса да, бұны тез-ақ ұмытып кеттім. Өйткені планшеттің арқасында қызметімді одан да тиімдірек атқарып, қауым кездесулеріне оңай дайындалатын болдым”,— дейді ол. Әсіресе пандемия басталып, қауымның іс-шаралары онлайн өте бастағанда, планшет оған таптырмас көмек болды. Біз де Хулда бауырластың мақсатына жеткеніне қуаныштымыз!