Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Ежелгі Бабылдан табылған кірпіштер мен олардың жасалу әдісі Киелі кітапта жазылғандардың растығын қалай дәлелдейді?

ҚАЗБА жұмыстары кезінде археологтар ежелгі Бабылдан өте көп күйдірілген кірпіштер тапқан. Бұл қаланың құрылысында қолданылған кірпіштер. Роберт Кольдевей деген археологтың айтуынша, “бұндай кірпіштер қаланың сыртындағы пештерде жасалған. Өйткені онда саз да жақсы, отын да көп болған”.

Табылған ежелгі деректерге сай, Бабыл билеушілері сол пештерді басқа мақсатта да қолданып, сұмдық істер істеген. Торонто университетінің ассириятанушы профессоры Пол-Алан Болье былай дейді: “Қасиеттіні қор қылғаны я бүлік шығарғаны үшін айыпталған кісілердің патшаның әмірі бойынша пешке тасталып, өртелгенін бірнеше бабылдық жазбалар растайды”. Мысалы, Навуходоносор патшаның кезінен қалған бір мәтінде мынадай сөздер бар: “Олардың көзін құртыңдар... пешке тастап, еш аяусыз отқа қақтаңдар... Жандырып, түтінін шығарыңдар!”

Бұл сөздер Даниял кітабының 3-тарауында жазылған оқиғаны есімізге салады. Навуходоносор патша Бабыл қаласының сыртындағы Дур жазығында алтыннан жасалған үлкен мүсін тұрғызады. Бірақ Шадырақ, Мисақ, Әбдінего деген үш еврей жігіті ол мүсінге жығылып, табынбай қояды. Қатты қаһарланған патша қызметшілеріне “пешті әдеттегіден жеті есе қатты’’ жағуды әмір етіп, үшеуін сонда тастатады. Алайда Құдайдың құдіретті періштесі оларды “жанып тұрған пештен” аман алып қалады (Дан. 3:1—6, 19—28).

© The Trustees of the British Museum. Licensed under CC BY-NC-SA 4.0. Source

Навуходоносордың есімі жазылған күйдірілген кірпіш

Бабылдан табылған кірпіштердің өзі де, нақтырақ айтқанда ондағы жазулар да, Киелі кітаптағы сөздердің растығын дәлелдейді. Кірпіштердің көбісінде патшаны ұлықтайтын сөздер жазылған. Мысалы, солардың бірінде: “Мен — Бабыл патшасы, Навуходоносор... Бұл Аса мәртебелі патшаның, яғни менің салған сарайым. Менің ұрпағым осында мәңгі бақи билік етсін”,— деп жазылған. Бұл Даниял 4:30-дағы Навуходоносор патшаның мақтанып айтқан мына сөздеріне қатты ұқсайды: “Мынау патша ордасы болсын әрі сән-салтанатымды паш етсін деп, өз құдірет-күшіммен соққан Ұлы Бабыл емес пе?!”