Мазмұнға өту

Киелі кітапта татуировка жайлы не айтылған?

Киелі кітапта татуировка жайлы не айтылған?

Киелі кітаптың жауабы

 Киелі кітапта татуировка жайлы бір-ақ жерде ғана жазылған. Мұсаның 3-жазбасы 19:28-де: “Терілеріңе инемен таңба салмаңдар”,— делінген. Өйткені сол уақытта исраилдіктердің айналасындағы халықтар құдайларының есімдері мен таңбаларын өз денелеріне салатын. Сол халықтардан ерекшелену үшін, Ехоба өз халқына осы заңды берді (Мұсаның 5-жазбасы 14:2). Бүгінде мәсіхшілер Мұса Заңын ұстанбайды, бірақ бұл заңның астында жатқан принцип назар аударуға тұрарлық.

Мәсіхші өз денесіне татуировка не боди-арт салдырғаны дұрыс па?

 Төменде келтірілген Киелі кітап тармақтары осы сұрақ жайлы ой жүгіртуге көмектеседі:

  •   “Әйелдер әрленіп-сәнденгенде... қарапайым болсын” (Тімөтеге 1-хат 2:9). Бұл жердегі принцип ер адамдарға да қатысты. Біз өзгелердің сезімін ескеруіміз керек және басқалардың назарын өзімізге аударуға тырыспауымыз қажет.

  •   Кейбіреулер өздерінің тәуелсіз екенін дәлелдеуге тырысады, ал басқалары өз денелерінің қожайыны екенін жария еткісі келеді. Киелі кітап мәсіхшілерді мынаған шақырады: “Денелеріңді тірі, қасиетті, Құдайға ұнамды құрбандық ретінде ұсыныңдар. Осылай еткендерің ақыл-ойларыңды іске қосып атқарған қасиетті қызметтерің болмақ” (Римдіктерге 12:1). Ақыл-ойыңызды іске қосып, не үшін татуировка жасағыңыз келетіні жайлы ойланып көріңіз. Егер мақсатыңыз модадан қалмау немесе қандай да бір топтың мүшесі екеніңізді көрсету болса, қалауыңыз бен сезіміңіз уақытша екенін, ал татуировка өшпей қалуы мүмкін екенін есте ұстаңыз. Ниетіңізді тексергеніңіз дана шешім қабылдауға көмектеседі (Нақыл сөздер 4:7).

  •   “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер, Ал асығатын адам жоқшылыққа ұшырар” (Нақыл сөздер 21:5). Көбісі татуировка жасағанда, ұзақ ойланып жатпайды, бірақ оның салдары ұзақ уақытқа қалуы мүмкін. Бұл олардың өзгелермен қарым-қатынасына және жұмыс табуларына әсер етіп жатады. Сонымен қатар татуировканы өшіруге көп ақша кетеді және бұл қатты ауыртады. Зерттеулер мен татуировканы өшіру бизнесі дамып жатқанына қарап, татуировка жасағандардың көбісі кейінірек бұған өкінетінін көруге болады.