Мазмұнға өту

Ол еңбегінің жемісін көрді

Ол еңбегінің жемісін көрді

 Десикар деген жалғызбасты ана Ехобаға көбірек қызмет етуді ойлап жүреді. Ол экономикасы құлдыраған елде, Венесуэлада, тұрады. Бірақ соған қарамастан ол ізашарлық қызметті бастайды. Қызметтің қызығына баттым дегені сол-ақ еді, COVID-19 пандемиясы басталып кетеді.

 Алғашында Десикарға жаңа жағдайға бейімделіп қызмет ету оңай болмайды. Хат жазып уағыздау оған қиынға соғады. Ол тұратын жерде интернет бағасы қымбат болғандықтан, видео арқылы да қызмет етуге мүмкіндігі болмайды. ”Менің көңілім түсіп кетті, аяқ астынан қызметім тоқтап қалғандай болды. Ізашар ретінде қызметімді жақсы атқарып жатқан жоқпын деп ойладым“,— дейді Десикар.

 Кейін 2021 жылдың қаңтар айында Ехоба Куәгерлерінің Венесуэладағы филиалы арнайы бір науқан ұйымдастырды. Сол айда 60 радиоарна және 7 телеарна арқылы бес апта бойы әр демалыс күндері Киелі кітапқа негізделген баяндамалар айтылды. Жариялаушылар қызығушылық танытқан адамдарды сол баяндамаға шақыруға талпындырылды. Бетелден жариялаушыларға әрбір баяндамаға қатысты бір сұрақ пен Киелі кітап тармағы жіберілетін. Кейін олар хат арқылы және телефон арқылы уағыздағанда сол сұрақтар мен тармақтарды қолданатын. Сондай-ақ Бетел жариялаушыларды месенджерлер мен СМС жазу арқылы уағыздауға шақырды. Бұл Венесуэладағы көптеген бауырластар үшін жаңа әдіс еді.

 Десикар бұл науқанға қуана-қуана қатысты. Ол месенджерлер арқылы ешқашан уағыздамаса да, неге істеп көрмеске деп ойлады. Бірақ техникадан онша хабары болмағандықтан, біреудің көмегі қажет болды. Содан қызынан көмек сұрап, тез-ақ техниканы қолдануды үйреніп алады. Сөйтіп, науқанға қатысуға сақадай сай болады.

Десикар

 Содан Десикар көптеген таныстарына СМС жазып, алдын ала жазылған баяндамаларды тыңдауға шақыра бастайды. Бұл қандай нәтиже бергенін көргенде, Десикар таңғалып қалады. Бірталай адам баяндамаларды тыңдап, сұрақтар қояды. Тыңдай алмағандар болса Десикардан баяндамаларда не талқыланғанын айтып беруін сұрайды. “Мен дәптеріме қарап, баяндамадағы ойлармен бөлісетінмін. Негізі, мен бір айда, ары кетсе, 5 қайта бару жасайтынмын. Бірақ сол науқанның соңында менде 112 қайта бару a болды!“— дейді Десикар.

 Десикар радиодан айтылатын баяндамаларды тыңдауға өзімен көршілес тұратын сенуші емес әпкесін де шақырады. Ол былай дейді: “Ол келіскенде, мен таңғалып қалдым. Әр жексенбі сайын таңғы сегізде мен оның үйіне барып, баяндаманы бірге тыңдайтынбыз. Ол баяндама кезінде де, баяндамадан кейін де маған сұрақтарын жаудыратын“. Десикардың әпкесі видео арқылы Еске алу кешіне де қатысты. Десикар видео арқылы қызметке қатыса алуы үшін әпкесі тіпті оған интернетін қолдануға рұқсат берді.

 Десикар былай дейді: “Ехобаға сондай ризамын. Қауымдағы ақсақалдарыма да рақмет. Олар мені үнемі жігерлендіріп отырды. Олар маған қызметте қуанышымды жоғалтпауға көмектесті“ (Еремия 15:16). Қазір Десикар ізашарлық қызметін жалғастырып жатыр және СМС арқылы уағыздаған адамдарға әрі қарай да қайта барулар жасап жүр.

a Ехоба куәгерлері жеке деректерді қорғау заңдарын ұстанып уағыздайды.