Мазмұнға өту

Біз өмірімізді қарапайым еттік

Біз өмірімізді қарапайым еттік

 Медельинде (Колумбия) тұратын ерлі-зайыпты Мадиан мен Марсела шалқып өмір сүріп жатты. Мадианның табысы жақсы болғандықтан олар барлық жағдайы жасалған әдемі пәтерде тұрып жатты. Алайда олар өмірлік құндылықтарын қайта қарастыруды ұйғарады. Бұған не себеп болғанын айтып, олар былай деді: “2006 жылы біз “Көзіңді қарапайым етіп сақта!” деп аталатын арнайы бір күндік конгреске қатыстық. Айтылған баяндамалардың көбісінде Ехобаға толықтай қызмет ете алу үшін өмірімізді қарапайым ету керектігіне баса назар аударылды. Сол конгрестен кейін біз бәрін керісінше істеп жүргенімізді түсіндік. Біздің жаман әдетіміз болған еді. Біз шопинг жасағанды жақсы көретінбіз, қажет болсын-болмасын, қарыз алып болса да, бәрін сатып ала беретінбіз”.

 Сол конгрестен кейін Мадиян мен Марсела өмірлерінде өзгеріс жасауды шешеді. “Біз шығындарымызды азайттық: кішігірім пәтерге көштік, машинамызды сатып, орнына мопед алдық”,— дейді олар. Сонымен қатар олар оңды-солды ақшаларын шашпау үшін сауда орталықтарын аралауды доғарады. Осының арқасында өзгелермен Киелі кітап жайлы сөйлесуге көбірек уақыт бөлетін болды. Бұған қоса олар арнайы ізашар a болып қызмет етіп жүрген бауырластармен достасады.

 Көп ұзамай Мадиан мен Марсела қызмет аясын кеңейткілері келіп, жариялаушылар аз ауылды аймаққа көшуге бекінеді. Бұл үшін Мадианға жұмысынан кету керек болды. Бірақ бастығы оның мұндай жап-жақсы жұмыстан не себепті кетіп бара жатқанын түсінбеді. Сонда Мадиан бастығынан: “Сіз ақшаны қырып табасыз, алайда бақыттысыз ба?”— деп сұрайды. Ол шешімін таба алмайтын көп қиындықтары болғандықтан бақытты емес екенін айтады. Бұған Мадиан: “Көрдіңіз бе, бақытты болу үшін ең маңыздысы қанша ақша табатынымыз емес, қандай іспен айналысатынымыз. Әйеліміз екеумізге адамдарға Құдай жайлы айту ұнайды, солай өзімізді бақытты сезінеміз. Сондықтан да осы іске одан да көп уақытымызды арнап, одан сайын бақытты болғымыз келеді”,— дейді.

 Мадиан мен Марсела өмірлерінде ең бірінші орынға рухани мақсатты қойғандықтан шынайы қанағат пен бақытқа кенелді. Міне, 13 жыл бойы олар Колумбияның солтүстік-батысындағы жариялаушылар аз қауымдарда қызмет етті. Ал қазір екеуі арнайы ізашарлық қызметтің қызығын көріп жүр.

a Арнайы ізашарлар тағайындалған жерлерінде ізгі хабарды уағыздау үшін бар уақыттарын жұмсайды. Оларды Ехоба куәгерлерінің жергілікті филиалы тағайындайды. Шығындарын өтеу үшін олар кішігірім жәрдемақы алады.