Мазмұнға өту

КИЕЛІ КІТАП АДАМ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

“Енді мен өзім үшін ұялмаймын”

“Енді мен өзім үшін ұялмаймын”
  • Туылған жылы: 1963

  • Елі: Мексика

  • Қысқаша мағлұмат: Көшеде өскен, өзін өзгелерден кем санаған

ӨМІРБАЯНЫМ

 Мен Солтүстік Мексиканың Сьюдад-Обрегон қаласында туылдым. Тоғыз баланың бесіншісі болдым. Біз қаланың сырт жағында тұрдық, сол жерде әкемнің шағын фермасы болды. Тұрған жеріміз бізге қатты ұнайтын, отбасымыз да тату-тәтті өмір сүрді. Бірақ жасым небәрі бесте болғанда қатты дауыл тұрып, фермамызды қиратып тастады. Содан басқа қалаға көшуге тура келді.

 Әкем жақсы ақша таба бастады. Бірақ ол ішкілікке салынып кетті. Бұнысы анаммен қарым-қатынасына да, біздерге де әсер етпей қоймады. Біз әкемізден темекі ұрлап шегетін болдық. Алты жасымда-ақ ішімдік ішіп, мас болдым. Көп ұзамай ата-анам бөлек кетті. Ал мен одан да зиян әдеттерге үйір бола бастадым.

 Анам өзге бір ер кісімен тұратын болып, бізді де сол жаққа алып кетті. Ол кісі анама көк тиын да бермейтін, ал анамның тапқаны бізге жетпейтін. Мен де, бауырларым да табылған жұмысты істей беретінбіз. Тапқан ақшамыз болса керек-жарағымызға әрең жететін. Мен жұрттың аяқ киімін сүртіп, нан-пан, газет-журнал, сағыз сияқты майда-шүйде заттар саттым. Қала кезіп, байлар тұратын үйлердің қоқыс жәшіктерінен тамақ тауып жейтінмін.

 Жасым онда болғанда бір кісі қалалық қоқыс алаңында жұмыс істеуге шақырды. Мен келісіп, мектептен де, үйден де кеттім. Ол маған күніне бір доллардан да аз ақша төлейтін. Азыққа қоқыстан жиналған тамақты беретін. Қоқыстағы темір-терсектен өзіме шатыр соғып алдым. Айналамдағы адамдар боғауыз сөздер айтып, азғын өмір сүретін. Олардың көбісі есірткі мен ішімдікке үйір еді. Бұл менің өмірімдегі ең сұмдық кезең болды, мен түн сайын жылап, қорқыныштан қалтырап-дірілдейтінмін. Кедей әрі сауатсыз болғаным үшін қатты қысылатынмын. Қоқыс алаңында үш жылдай тұрып, кейін Мексиканың басқа штатына көштім. Ол жақта мен гүл, мақта, қант қамыстарын теріп, картоп жинайтынмын.

Мен осындай қоқыс алаңында үш жыл өмір сүрдім

 Төрт жылдан кейін Сьюдад-Обрегонға қайтып келдім. Әкемнің әпкесі маған үйінен бір бөлме берді. Ол кісі тәуіп болатын. Мен түнде қорқынышты түстер көре бастадым. Депрессияға батып кеткенім сонша — өз-өзіме қол жұмсау жайлы ойлап жүрдім. Бір күні түнде Құдайға былай деп жалбарындым: “Құдайым, егер сен бар болсаң, сені танып-білгім келеді. Саған мәңгі қызмет еткім келеді. Шынайы дін бар болса, оны тапқым келеді”.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ

 Мен Құдай туралы білуге ылғи да құштар болатынмын. Бала кезімнен-ақ түрлі ағымдардың шіркеулеріне баратынмын, бірақ олардың бәрінен көңілім қалды. Олардың ешқайсысы Киелі кітап жайлы айта бермейтін, рухани шөлімді де қандырмады. Кейбір шіркеулер ақшаға құныққан болса, өзгелерінің келушілері жыныстық азғындыққа салынған еді.

 Он тоғыз жасымда бір жездем Ехоба куәгерлері жайлы айтып берді. Олар жездеме діни пұт-бейнелер жайлы Киелі кітапта не делінгенін көрсетіпті. Ол маған Мұсаның 2-жазбасы 20:4, 5-ті оқып берді. Онда еш нәрсенің қашалған мүсінін жасамауымыз керектігі айтылған. 5-тармақта былай делінген: “Оларға бас иіп табынба, құлшылық та етпе. Өйткені мен, Ехоба Құдайың, өзіме қалтқысыз берілуді талап ететін Құдаймын”. Кейін жездем былай деп сұрады: “Қалай ойлайсың, Құдай біздің мүсіндерді қолданып ғибадат еткенімізді қаласа немесе кереметтерді жасау үшін осы мүсіндерді қолданатын болса, онда неге ол өз Сөзінде бұған тыйым салған?” Оның бұл сөздері мені ойландырып тастады. Бұдан кейін біз Киелі кітап тақырыбында талай рет әңгімелестік. Сол әңгімелердің маған ұнағаны сонша — уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалатынмын.

 Кейін ол мені Ехоба куәгерлерінің кездесуіне апарды. Ол жерде көріп-естігендерім мені қатты таңғалдырды. Тіпті жастар да бағдарламаға қатысып, мінбеден сайрап тұрды. Мен ішімнен: “Мә-ә, мына адамдар керемет білім алып жатыр ғой!”— деп ойладым. Үстім алқам-салқам, шашым өсіп кеткеніне қарамастан, Куәгерлер мені жылы қарсы алды. Бір отбасы тіпті мені кездесуден кейін кешкі асқа шақырды.

 Куәгерлермен Киелі кітапты зерттей келе Ехоба Құдай бізді жақсы көретін Әке екенін білдім. Ол бізді әлеуметтік жағдайымызға, атақ-дәрежемізге, нәсілімізге, білімімізге қарамастан жақсы көреді. Ол расымен де ешкімді алаламайды (Елшілердің істері 10:34, 35). Ақыры рухани шөлімді қандырдым. Ішімдегі үмітсіздік те ғайып бола бастады.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ

 Менің өмірім ешкім ойламағандай өзгере бастады. Мен шылым шегуді, арақ ішуді, боғауыз сөз айтуды доғардым. Бала кезден көкірегімде қалған өкпе-ренішім де, түнде көретін қорқынышты түстерім де ғайып бола бастады. Кішкентай кезімде эмоциялық жарақаттардың кесірінен, мектепте толық білім алмағанның кесірінен пайда болған түкке тұрғысыздық сезімін де жеңе алдым.

 Менің Ехобаны сүйетін жарым бар, ол маған мықты қолдау көрсетеді. Қазір мен Ехоба куәгерлерінің аралаушы бақылаушысы болып қызмет етемін, қауымдарды аралап жігерлендіремін. Бауырластардан тұратын рухани отбасыма тәлім беремін. Киелі кітаптың жанды сауықтыратын күші мен Құдай беріп жатқан тамаша білімнің арқасында енді мен өзім үшін еш ұялмаймын!

Кезінде маған көмектескеніндей, мен де енді әйеліммен бірге өзгелерге көмектесіп жүрмін