Мазмұнға өту

21 НАУРЫЗ, 2024
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Боливия мен Колумбияда жемісті өткен арнайы науқан

Боливия мен Колумбияда жемісті өткен арнайы науқан

2023 жылдың 1 қарашасы мен 2024 жылдың 31 қаңтары аралығында Боливия мен Колумбияда өткен арнайы уағыз науқанына 19 000-нан астам Ехоба куәгері қатысты. Науқан кезінде бауырластар ізгі хабарды испан және тағы 18 тілде, соның ішінде боливия ым тілі мен колумбия ым тілінде де, уағыздады.

Бауырластар Боливияның ауылды жерінде уағыздауда

Гваделупа (Колумбия) қаласында испан тілінде сөйлейтін ер бауырласты таңғалдырған бір оқиға болды. Үйінің есігін ашқан әйел оған: “Біз сіздерді күтіп жатырмыз!”— дейді. Әйелдің айтуынша, содан бірнеше күн бұрын ғана күйеуі екеуі қандай да бір діни мейрамдарды тойлау керек пе екені жайында сөйлесіпті. Сонда күйеуі жақын жерде бауырластардың уағыздап жүргенін айтады. Ол көп кешікпей Куәгерлердің олардың да үйіне келіп, сұрақтарына жауап беретініне сенімді болады. Бауырластарымыз қуана-қуана оларға Киелі кітаптың көзқарасын түсіндіріп, әрі қарай да біреудің оларға барып тұруын қамдайды.

Бауырластар ізгі хабарды Колумбияда жариялауда

Куатро-Каньядас (Боливия) қалашығында уағыздап жүрген екі әйел бауырлас дүкеннің жанында тұрған бір әйелмен сөйлеседі. Оның аты Мигелина екен. Ол таяуда ғана жақын адамы қайтыс болғанын айтады. Сонда бауырластар оған Аян 21:3, 4-ті оқып береді. Мигелина Киелі кітап туралы көбірек білуге ықылас білдіреді. Өкінішке қарай, ол шалғай жерде тұрады екен, телефоны да жоқ. Бірнеше күннен соң осы екі бауырлас әлгі қаланың шетінде тұратын бір жас әйелге уағыздайды. Олар сөйлесіп тұрғанда, оның үйінен Мигелина шыға келеді. Сөйтсе, бұл жас әйел Мигелинаның қызы екен. Бәрі қатты қуанып кетеді! Бауырластар оларға Киелі кітапты зерттеу сабағын ұсынады.

Ехоба осы науқанға қатысу үшін аянбай тер төгіп жатқан бауырластарды асылға балайтынына сенімдіміз. Ол ізгі хабарды “барлық жерде уағыздап” жатқан халқына бұдан былай да батасын төксін деп тілейміз (Қолостықтарға 1:23).